Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Үстіртте киік аз деп отыр, батыстағы жануарды сол жаққа көшірейік. Болмаса зардап шегіп отырған адамдардың шығынын өтеп берсін. Біз мемлекеттен көп қаражат сұрап отырғанымызы жоқ, тым болмаса салықтық жеңілдік берсін немесе өз егістігін қоршау үшін субсидия берсін.
Бұл туралы Батыс Қазақстан облысының шаруасы Бауыржан Сабанов киік санын реттеуге арналған жиында айтты.
Кеше елордада Экология министрлігі, Орман шаруашылығы, Зоология институтының өкілдері, киіктерден зардап шегіп отырған шаруалар мен қоғам белсенділерінің қатысуымен «Қазақстанда киік санын реттеу қажет пе?» атты тақырыпта жиын өтті.
Жиын барысында киіктер санының күрт өсүі БҚО, Қостанай, Қарағанды және Ақмола облысындағы шаруаларға қолайсыздық тудырып отырғаны айтылды. Сарапшылар киік төңірегіндегі мәселелерді кеңінен талқылап, жануарлардың санын тұрақты ұстап тұрудың не үшін қажет екенін түсіндірді, сондай-ақ әр тарап бұл мәселені шешуге қатысты өз ұсыныстарын білдірді.
Мамандардың айтуынша, киіктердің санын жасанды жолмен реттеу бұған дейін де болған. Дегенмен, қазақ киелі санайтын жануарды атуды қазір қабылдай алмай отыр. Дегенмен, бұл мәселені алғаш Батыс Қазақстанның шаруалары көтерген. Олар киік санының тым көбеюінен ауыл шаруашылығы үлкен шығынға батып жатыр деп дабыл қағып отыр.
Шаруалардың шығынын кім өтейді?
Батыс Қазақстандағы «Эко клуб» мекемесі директорының орынбасары әрі ауыл шаруашылығымен айналысатын Бауыржан Сабанов киіктер мал өрісін тарылтып, егістік жерлерді таптап шығынға батырып жатқанын айтады. Шаруа киіктерді атып азайтайық демейді, ол қоршау жасап, бастысы сондағы адамдарға шығын әкелмейтіндей етіп жасайық деген ойын жеткізді.
Мен БҚО-ғы Жәнібек ауданында тұрамын. Ол жерде егістік пен жайылымдарымыз бар. Бүгін сондағы халықтың жан айқайын айту үшін келдім. Ондағы шаруалар киіктердің кесірінен үлкен шығынға батып отыр. Мәселен, 500 гектар жерімде 15 мыңдай киік жайылып жүр. Біз киік мәселесіне келгенде сол жерде еңбектеніп жатқан адамдардың жанайқайын қатар қарауымыз керек. Киіктер біздің облыстағы 5-6 ауданда бар. Біз киіктерге қарсы емеспіз, бірақ сол жердегі халықты қолдауларыңызды сұраймыз. Үстіртте киік аз деп отыр, біздегіні сол жаққа көшірейік. Болмаса зардап шегіп отырған адамдардың шығынын өтеп берсін. Біз мемлекеттен көп қаражат сұрап отырғанымызы жоқ, тым болмаса салықтық жеңілдік берсін немесе өз егістігін қоршау үшін шаруаларға субсидия берсін. Сондағы елдімекен тұрғындары алаңсыз жұмыс істеуі үшін қоршау жасап берсін. Халыққа да киікке де зиян тигізбеудің қаншама нұсқасы бар, соларды іске асыруға үкімет көмектесуі керек,-дейді ол.
Б. Сабанов әлеуметтік желіде халық мән-жайды түсінбестен киіктерді қолдап жатқанына наразы. Ол жануарға қарағанда адамның жағдайы бірінші орында болса деген уәжін айтты.
Әлеуметтік желіде бәрі киіктерді қолдап жазып жатыр, оларға келіңдер, киікті бірге бағайық деп айтқым келеді. Киіктерге ешқандай қарсылығым жоқ, дегенмен бұл мәселені қазір шешуіміз керек. Біз киікті атып, оның етін жегіміз келіп отырған жоқ, онсыз да малымыз жетеді. Мәселен, көктемде Жәнібек ауданы Жақсыбай ауылы маңында киік төлдейді, ойлаңыз бір жерде 500 мың бас құралай өмірге келеді. Ауыл тұрғындарына бұл үлкен жүктеме, мал бағатын жер жетіспейді. Бұл жерде шаруалардан бөлек қарапайым ауыл тұрғындары да жапа шегіп отыр. Олар үкімет бөліп берген азғантай жерге малын киіктермен бірге бағып жүр,-дейді шаруа.
Киік санын реттеу 3 жыл кезең-кезеңімен іске асады
ҚР ЭГТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің төрағасы Нұрлан Қылышбаевтың айтуынша, еліміздегі киіктер саны 1 млн 318 мыңға дейін жеткен. Кеңес үкіметі кезінде ең көп өсім 1 млн 200 мың бас болыпты. БҚО-да – 801 мың, Бетпақдалада – 489 мың, Үстіртте – 28 мың бас киік бар екен. Олардың өсу қарқыны жылына 40 пайызға жеткен.
Киік ұлтымыздың бренді. Оны ретті басқару алдымызда тұрған міндет. Сондықтан оның санын реттеуді ғылыми негізге сүйене отырып, жүйелі шешу қажет. Осы мәселені реттеу үшін Орман шаруашылығы және жануарлар комитеті, Білім министрлігінің зоология институты биологиялық негіздемені пайдалануға шарт жасады,-деді Нұрлан Қылышбаев.
Ал, Зоология институтына қарасты Териология зертханасының меңгерушісі Алексей Грачев құрылғанына 90 жыл толып отырған институт киіктердің сақталуын қамтамасыз ету бойынша жұмыс істеп келе жатқанын айтады.
Киіктер Қазақстан, Өзбекстан, Ресей және Моңғолия территориясында мекендейді, басым бөлігі біздің елде. Дегенмен киіктер бізде «Қызыл кітапқа» енбеген. 2022 жылғы есеп бойынша еліміздегі киіктердің саны 1 млн 318 мың. Бұл тұрғыда оларды сақтап қалу жөніндегі мораторий оң ықпал етті. Дегенмен, киік саны өсті деп аңшыларға киікті аулауға рұқсат беруге болмайды, оның үстіне Үстірттегі киік саны әлі де өспеді. Киіктердің өсіміне қатысты ғылыми зерттеу жұмыстарын әлі де жүргізу керек. Одан бөлек оларды аулау жөнінде заң актілері де жоқ, яғни аңшылық шаруашылықтарына квотаны бөлу мәселесі де шешілмеген,-дейді А.Грачев
Сонымен қатар ол киіктер елдімекенге жақындап, шаруалар еккен дәнді-дақылдарды таптап жатқанын және үй жануарларына түрлі аурулар таратуы мүмкін екенін жеткізді. Қазір шаруалар мен киіктер арасында проблема туындап отыр, бір сөзбен айтқанда киіктер ауыл шаруашылық экономикасына шығын келтіріп отыр. Осы жағдайдаларды есекере отырып, Зоология институты бірқатар шарттарды ұсынды. Ол киікті атпау жөніндегі мораторийді 2025 жылға дейін ұзарту, дегенмен 2022 жылы арнайы құзыретті органдардың күшімен жануарлардың санын реттеуді жүргізу қажет деп санайды. Киіктердің санын реттеу үшін алдымен толық зерттеу жүргізіп, қажетті заңнамалық базаны әзірлеу керектігі де айтылды. Бұл мәселе 2025 жылға дейін шешілмек. Оған қоса киіктердің таралуын басқару жөніндегі жаңа механизмді іске қосу айтылды, яғни жануарларды өзге жерге көшіру және тағы басқа нұсқалар қаралады.
Алексей Грачев киіктер санын реттеуді 15 қыркүйек пен 30 қараша аралығында жүргізуді ұсынды.
Бұл аралық киіктер санын реттеудің оңтайлы кезеңі, яғни биологиялық және экономикалық тұрғыдан да тиімді. Бұл уақытта киіктің құралайы өсіп қалады, анасының жанында еріп жүрмейді. БҚО-ғы киіктердің 10%-ы, Қостанай мен Ақмола облыстарында – 2,5%-ы азайтылады. Оның ішінде енесі - 47.5%, құралайы - 47.5%, аталығы —5% болады. Бұл 10 пайыз осы жыл үшін аса үлкен сан емес. Келесі жылы - 20%, одан кейінгі жылы – 30%-ға азайту көзделіп отыр. Бұл кезде киіктердің саны азайып кетпейді, қазіргі деңгеймен сақталады. Браконьерлер қаптап кетпес үшін киік санын азайтумен мамандандырылған мемлекеттік ұйым айналысқаны жөн,-деді ол.
Сондай-ақ ол киіктердің етін санитарлық-эпидемиологиялық тексерістен кейін ет өңдеу комбинаттарына өткізуді, ал мүйіздерін құзыретті органдарға арнайы белгімен өткізу керек деген ойын айтты.
Табиғат бәрімізге ортақ
Киіктер санын дәл қазір азайтуға қарсы шыққандар да болды. Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығының атқарушы директоры Вера Воронова киіктер санын 10 пайызға азайту дұрыс шешім емес деп санайды. Оның ойынша, бұдан ауыл тұрғыдарына еш пайда болмайды, сондықтан киік санын азайтуға негіз жоқ.
Көрсетілген деректерге қарасақ киіктер республика бойынша проблема тудырып отырған жоқ, тек санаулы аудандарда ғана мәселе бар. Ал, Бетпақдаладағы киіктердің санын азайту тіптен қажет емес. Егер киік санын реттейтін болсақ алдымен оны іске асыру жөніндегі заңнаманы реттеуіміз керек,-дейді Воронова.
Тәуелсіз эколог Сәкен Ділдахмет құзырлы органдар киік санының көбейуін оларды атумен ғана шешкісі келеді, басқа балама жолды ұсынбай отыр деген уәж айтты. Оның ойынша, киіктердің ары-бері көшуіне жағдай жасалмай отыр, одан бөлек кейбір шаруалар көптеген жерді ұзақ мерзімге жалға алған, бірақ игермей өзгел ауыл тұрғындарына жер тапшылығын туғызуда. Міне, мемлекет сол жерді қайтарып алуы керек, деп санайды ол.
Киіктердің жылына 40 пайызға өсіп жатқанын көріп отырған билік ерте ойналуы керек еді. Бұл мәселе ерте қолға алынып, ендігі оның шешімін шығарып қоятын уақыт болды. Экология министрлігі қазір бұл мәселені кешенді түрде шешетін ештеңе ұсынып отырған жоқ. Бәрі ату керек деп біржақты айтып жатыр. Меніңше, киіктердің көшіп-қону жолдарын қалпына келтіріп, жерді игермей отырған шаруаларды тексеру керек. Сондай-ақ киіктердің өзге аймаққа көшуі үшін автомагистрал мен темір жол бойына Экодук тұрғызуымыз қажет. Бұл олардың көрші облыстарға еркін өтуін жағдай жасайды, тіптен оларды айдап көшірсе де болады. Сондықтан атуға ешқандай негіз жоқ, оның үстіне киік санының 1 млн-нан асуы оларды атуға болады деген сөз емес. Киік санының қазіргідей көбейуі оны қорғап жүрген адамдардың қанымен келді. Оларды қорғап жүрген әр инспекторды танитымын. Киіктерді қорғау барысында өліп кеткен инспекторларды халық әлі ұмытқан жоқ. Ал, бүгін келіп мемлекет киікті атқысы келіп отыр,-дейді эколог.
Оның айтуынша, Батыс елдерінде жануарларға деген көзқарас ерекше және мұндай мәселені шешуге кешенді түрде келеді. Еліміз де солардан үлгі алуы керек.
Батыс елдерінде халық пен жануарлар арасындағы байланыс өте жақсы, мәселен Австралияда кенгурулар адамдар арасында жүр, кейде кенгурудың бір-бірімен төбелесіп жатқанын көреміз. Ал, Азия елдерінде маймылдар туристердің дүниелерін ұрлап әкетіп жатады. Бірақ, ешкім оларды қырып жатқан жоқ. Экономикасы дамыған елдерде адамдар мен жануарлар арасында жақсы үндестік бар. Бізде, киік немесе бір құстың түрі көбейіп кетсе болды атамыз деп шығады, бұл дұрыс емес. Табиғат бәрімізге ортақ екенін түсінуіміз керек,-дейді Сәкен Ділдахмет.