Украина астанасының Голосеев ауданында қарулы ер адам жасаған атыс нәтижесінде кемінде бес адам көз жұмды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы Украина президенті Владимир Зеленский мәлімдеді.
Зеленскийдің айтуынша, құқық қорғау органдары төрт кепілге алынған адамды құтқарып қалған. Сондай-ақ ол ішкі істер министрі шабуылдаушының «жойылғаны» туралы баяндағанын атап өтті.
Кейінірек БАҚ таратқан мәліметке сәйкес, Киевтегі оқ атқан адамның кім екені анықталған. Оны арнайы жасақ жойған.
Ол 1968 жылы туған Дмитрий Васильченков екені айтылуда. Бұрын Ресей армиясының подполковнигі болған, №30274 әскери бөлімінде қызмет еткен. Мәскеуде туған, Украина азаматтығы бар.
БАҚ мәліметінше, шабуылшы адамдарға алдымен көшеде, кейін «Велмарт» супермаркетінде оқ атқан. Қарулы қылмыскер жасырынған супермаркетті Ұлттық полицияның КОРД арнайы жасағы шабуыл арқылы алған.
Украиналық БАҚ дерегінше, қылмыскер Kel-Tec SUB-2000 маркалы аңшылық мылтық қолданған.
Шабуыл жасар алдында ер адам өз пәтерін өртеп жіберген.