Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Киев пен Вашингтонның жаңа келіссөзі: Ресейге қандай талап қойылады

Бүгiн, 14:50
195
Бөлісу:
 Anadolu Agency
Фото: Anadolu Agency

Украина тарапына Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің (ҰҚҚК) хатшысы Рустем Умеров пен Украина Қарулы күштері бас штабының бастығы, генерал Андрей Гнатов жетекшілік еткен делегация соңғы екі аптада алтыншы рет АҚШ өкілдері Стивен Уиткофф және Джаред Кушнермен келіссөздер өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл туралы ақпарат Украина ҰҚҚК хатшысы Рустем Умеровтің Telegram-арнасында жарияланды.

Хабарламада екі күнге созылған кездесудің негізгі тақырыбы – Украинада ұзақмерзімді және әділ бейбітшілікке қол жеткізудің нақты әрі нәтижелі жолдарын талқылау болғаны айтылған.

Бүгін соңғы екі апта ішіндегі алтыншы кездесу өтті. ҰҚҚК хатшысы Рустем Умеров Украина үшін басты басымдық – елдің тәуелсіздігі мен мемлекеттік егемендігін қорғауды, украиналықтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді және елдің демократиялық дамуына берік негіз қалауды көздейтін реттеу процесі екенін растады, – делінген хабарламада.

Сонымен бірге тараптар АҚШ өкілдері мен Ресей арасындағы соңғы кездесу нәтижелерін және соғыстың аяқталуына әкелуі мүмкін қадамдарды талқылағаны атап өтіледі.

Америкалық және украиналық тараптар қауіпсіздік саласындағы келісімдердің шеңберін келісіп, тұрақты бейбітшілікті қамтамасыз ету үшін қажетті тежеу құралдарын талқылады. Екі жақ та кез келген келісім бойынша ілгерілеу Ресейдің ұзақ мерзімді бейбітшілікке шынайы дайын екенін көрсетуіне байланысты екенін ерекше атап өтті. Бұл ең алдымен қақтығысты бәсеңдетуге және адам өлімін тоқтатуға бағытталған нақты қадамдардан көрінуі тиіс, – делінген жарияланымда.

Сонымен қатар кездесу барысында "Болашақ дамудың бағдарламасы" да жеке қарастырылған. Бұл бағдарлама соғыстан кейінгі Украинаны қалпына келтіру процесін, АҚШ пен Украинаның бірлескен экономикалық бастамаларын және ұзақмерзімді қайта құру жобаларын қамтиды. 

Белгілі болғандай, АҚШ пен Украина тарапы келіссөздерді жалғастыру үшін бүгін қайта бас қосады.

Өзгелердің жаңалығы