Kids go Free: 5500 астам бала тегін әуе билеттерімен саяхаттаған

Бүгiн, 19:05
134
Бөлісу:
Kids go Free: 5500 астам бала тегін әуе билеттерімен саяхаттаған
Фото: visitalmaty.crocos.kz

Соңғы үш жылда "Kids go Free" бағдарламасы бойынша 5 500-ден астам бала отбасылық туристік пакеттермен Қазақстан бойынша тегін әуе саяхаты мүмкіндігін пайдаланды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл бағытта отандық туроператорлар 1,2 миллиард теңгеден астам сомаға турлар ұсынды.

"Алакөл" көлінің жағалауы "Kids go Free" бағдарламасының ең сұранысқа ие бағыты ретінде қалып отыр.

Өткен жылмен салыстырғанда биыл сатылған турлардың саны 20%-ға артты. 700-ден астам бала Алакөлге тегін саяхат жасау мүмкіндігіне ие болды.Алматы мен Алматы облысының маңындағы аймақтарға деген қызығушылық өткен жылмен салыстырғанда 24%-ға артты. 330-дан астам отбасы осы бағытты таңдаған.

Балалар әуе билеттерінің құнын өтеуге жұмсалған қаржы 41,6 миллион теңгені құраса, бұл бағыттағы турлар жалпы 135,3 миллион теңгеге сатылды.Шортанды-Бурабай курорттық аймағы мен Астана қаласы – «Kids go Free» бағдарламасының үшінші танымал бағыты. Оған жазғы айлар мен қысқы каникул кезінде сұраныс өте жоғары.

"Kazakh Tourism" 2022 жылдан бері "Kids go Free" бағдарламасын жүзеге асырады. Оның негізгі мақсаты – елімізде ұйымдастырылған туризмді дамыту. Жыл сайын ата-аналардың балаларымен бірге Қазақстан бойынша саяхаттау көрсеткіші артып келеді. 3 жыл ішінде қазақстандық отбасылар 280 миллион теңге үнемдеді. Ал отандық туроператорлар осы уақытта 1,2 миллиард теңгеге турлар өткізді. Балалардың әуе тасымалына субсидия түрінде мемлекет тарапынан салынған қаржы ата-аналарды туған жерлеріндегі демалысқа ынталандырады. Мемлекеттен бөлінген әрбір теңге еліміздің экономикасына қосымша 4 теңге пайда әкеледі деп айтуға болады, – деп атап өтті Kazakh Tourism басшысы Қайрат Сәдуақасов.

Биыл "Kids go Free" бағдарламасы бойынша 2172 балаға Қазақстанды саяхаттау үшін тегін әуе билеттері ұсынылды. Туроператорлар балалардың әуе билеттері құнын есептемегенде, 415,6 миллион теңгеге турлар өткізді. Мемлекет тарапынан 114,5 миллион теңге өтелді, бұл жалпы сатылған турлардың 28%-ын құрайды.

Биыл біз алғаш рет «Kids go Free» бағдарламасы бойынша турларды қалыптастырдық. 100 бала біздің туристік пакетті пайдаланып, тегін балалар әуе билеттерін алды. Бұл бағдарлама көпбалалы қазақстандық отбасыларға үлкен көмек көрсетеді және қазақстандық отельдер, санаторийлер, демалыс аймақтары тәрізді орналастыру орындарының жүктемесін арттыруға мүмкіндік береді, – деп атап өтті "Ozen Touristik" ЖШС басшысы Зарина Ордабаева.

Өзгелердің жаңалығы