Мәжіліс депутаты Мүтәлі Әбутәліп стратегиялық нысандардың киберқауіпсіздігі әлсіз екенін мәлімдеп, Үкіметтен шұғыл шара қабылдауды сұрады. Оның айтуынша, АСУ ТП және SCADA жүйелерінің осалдығы елді жарық, су және жылусыз қалдыруы мүмкін, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутат Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр атына жолдаған депутаттық сауалында автоматтандырылған технологиялық процестерді басқару жүйелері мен SCADA жүйелері (АСУ ТП және SCADA) өнеркәсіптік және стратегиялық маңызды нысандардың цифрлық инфрақұрылымының негізгі элементтері екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл жүйелер отын-энергетика кешенінде, өнеркәсіпте, көлік және өндіру салаларында кеңінен қолданылады.
Қазақстан өңірлерінде АСУ ТП және SCADA жүйелері жылу электр орталықтарында, су алу және сорғы станцияларында, электр желілері мен қосалқы станцияларда пайдаланылып келеді. Олардың үздіксіз жұмыс істеуі халықтың тіршілікті қамтамасыз ету жүйелеріне тікелей әсер етеді.
Сонымен қатар депутат қазіргі уақытта Энергетика министрлігі тарапынан технологиялық желілерді қорғаудың орталықтандырылған тетігі толық қалыптаспағанын алға тартты. Көптеген нысандарда ескірген жабдықтар қолданылатынын, нысандардың кибермаңыздылығы бойынша бірыңғай жіктеу жоқ екенін және OT-ортадағы қауіпсіздік шараларының бірқатар жағдайда формалды сипатта екенін мәлімдеді.
Оның дерегінше, халықаралық тәжірибеде өнеркәсіп саласындағы киберинциденттердің 60%-дан астамы АСУ ТП және SCADA жүйелеріндегі осалдықтарға байланысты. Ал нысандардың 70%-дан астамы кибершабуылдарға қарсы тұруға бейімделмеген, сегменттелмеген желілерді пайдаланады.
Мәселен, 2025 жылы Еуропаның бірқатар елдерінде кибершабуылдар салдарынан блэкаут тіркелген, ол Испания, Португалия және Франция үшін тәулігіне шамамен 150 миллион еуро көлемінде тікелей экономикалық шығын әкелген, - деді депутат.
Сондай-ақ салалық есептерге сәйкес:
– 2023 жылы әлемдегі өнеркәсіптік АСУ/OT жүйелерінің 38,6%-ы кибершабуылдарға ұшыраған;
– 2025 жылдың бірінші тоқсанында OT жүйелерінің 30%-ға жуығында зиянды нысандарды бұғаттау фактілері тіркелген.
Қазақстанда да технологиялық процестердің тоқтауына және энергиямен жабдықтауда іркілістерге әкелген жағдайлар болған. Ықтимал кибершабуылдар ел өңірлерін жарық, су, жылу және газсыз қалдыруы мүмкін. Мұндай жағдай экономиканың негізгі тірегі саналатын отын-энергетика кешені мен өнеркәсіпке елеулі соққы болады, - деп ескертті Мүтәлі Әбутәліп.
Осыған байланысты депутат стратегиялық нысандардағы OT желілері мен АСУ ТП жүйелерінің киберқауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жүйелі шараларды енгізуді ұсынды. Атап айтқанда:
– IT және OT желілерін міндетті түрде сегменттеу және орталықтандырылған мониторинг жүйесін құру;
– аномалияларды анықтау жүйелерін енгізу және әрекет ету жоспарларын әзірлеу;
– персоналды оқыту және жаттығулар өткізу;
– салалық құзырет орталығын (OT CERT) құру;
– тиісті шараларды тұрақты қаржыландыруды қамтамасыз ету.
Мәжіліс депутаты жауапты заңнамада белгіленген мерзімде жазбаша түрде ұсынуды сұрады.