Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Кибер-Мүфти тәжірибесі: ЖИ радикализмге тосқауыл бола ала ма?

18 Қыркүйек 2025, 15:03
668
Бөлісу:
 Ақорданың баспасөз қызметі
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезінде цифрлық даму мен жасанды интеллект дәуіріндегі құндылықтар тақырыбы талқыланды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Съездің панельдік сессиясында «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-ның жасанды интеллект жөніндегі басқарушы директоры Алексей Самойлов жасанды интеллект те жан да, ар-ождан мен руханият та жоқ деп атады.

Ең алдымен, жасанды интеллект – адамның туындысы екенін ұмытпауымыз керек. Ол – құрал, бірақ жаңа сананың түрі емес. Машинада жан да, ар-ождан да, рухани тәжірибе де жоқ. Бұл – құпияға толы болмыс та, табыну нысаны да емес, инженерлік ойдың жемісі ғана. Оның мақсаты – адамға қызмет ету. Дегенмен жасанды интеллекттің нақты пайдасы бар. Ол ақпарат табуға, жоспар құруға, шешім қабылдауда бағыт көрсетуге көмектеседі. Білім мен дәстүр әлемінде жылдамырақ бағдарлануға жағдай жасайды. Бірақ біз шекараны білуіміз керек: ар-ожданды, даналықты, мейірімділікті ешбір технология алмастыра алмайды, - деп атап өтті спикер.

Айтуынша, мынаны естен шығармаған жөн: технология – көмекші, ал моральдық әрі рухани таңдау үшін жауапкершілік әрқашан адамға жүктеледі.

Жасанды интеллект пайдалы анықтамалық болуы мүмкін, бірақ ол ешқашан рухани беделді алмастыра алмайды. Машина пікір алуандығын да, контексті де ажырата алмайды, дәстүрді білмейді, сенім тәжірибесіне ие емес. ЖИ берген жауап сенімді естілгенімен, қате болуы ықтимал. Сондықтан оны тексеру қажет, ал қасиетті мәтіндерді түсіндіру, ар-ожданға үн қату әрдайым кітаптар мен діндар ұстаздардың еншісінде қалуы тиіс, - деді Алексей Самойлов.

Бұл ретте бізге өз ойымыз, талғамымыз бен сақтығымыз қажет деп отыр.

Технологияның әлеуеті бар: бүгінгі күні ЖИ экстремистік материалдар мен зорлық-зомбылыққа шақыратын үндеулерді интернетте анықтауда қолданылады. Алгоритмдер ақпарат ағынын жылдам талдап, ықтимал қауіп туралы ескертеді. Бұл қоғамда қауіпті идеялардың таралуын тоқтатуға, тыныштық сақтауға септігін тигізеді. Бірақ ЖИ зұлымдықты өздігінен жеңе алмайды. Ол тек қоғамның, құқық қорғаушылар мен бейбітшілікке шақырушылардың қолындағы құрал ғана, - дейді маман.

Сондай-ақ ол араб елінің тәжірибесінен мысал келтірді.

Мен Біріккен Араб Әмірліктеріндегі тәжірибеге назар аудардым. Бірнеше жыл бұрын Дубайда «Кибер-Мүфти» жобасы іске қосылған. Бұл – әлемде алғаш рет мемлекеттік деңгейде құрылған, жасанды интеллект негізінде діни сұрақтарға жауап беретін қызмет. Жобаның мақсаты – жастарды интернеттегі радикалды уағызшылардың ықпалынан қорғау. Ресми чат-ботқа сұрақ қойған адам дәстүрлі исламға негізделген жауап алады. Осылайша, билік радикалдардың алдын ақпараттық кеңістікте алуға үміттенеді, - дейді спикер.

Мәлімдеуінше, бұл бастама – әсерлі әрі заманауи қадам.

Сарапшылардың пікірінше, егер мұндай жобалар адамдарға шынайы сенімнің құндылықтарын – мейірімділік, әділеттілік, бейбітшілік пен Құдайға ұмтылысты дәріптесе, ол қоғамға пайда әкелмек. Шынында да, мейірім, әділеттілік пен өзара құрмет қағидаттары барлық діндерде бар. Технология да осы құндылықтарды дәріптеуге бағытталуға тиіс, - деп ескертті Алексей Самойлов.

Алайда біз ЖИ-дің шектеулерін және оны міндетті түрде адам қадағалауы керектігін ұмытпауымыз керектігін алға тартты. Дубайдағы «Кибер-Мүфти» мысалы көрсеткендей, ЖИ тек қарапайым сұрақтарға жақсы жауап береді, бірақ күрделі жағдайларда дәрменсіз. Кейбір ғалымдар бұл жобаны сынға алды: радикалданумен күрес тек анықтамалық жауаптар емес, адамның жанымен жұмыс, күнә, тәубе және қасиетті жазбаның шынайы мағынасы туралы әңгімелерді қажет етеді. Ал мұны жансыз бағдарлама бере алмайды.

Компьютер адамның өмірлік жағдайын түсінбейді, жүрегінде не барын сезбейді. Дегенмен ЖИ-ді сенімнен алыстататын күш деп қарастыруға болмайды. Маңыздысы – біз машинаны қандай сұрақтармен толтырамыз. Сұрақтарымыз біздің рухани қажеттілігімізді көрсетеді. Егер сенімімізді нығайтатын жауап іздесек, бұл жүрегіміздегі ақиқатқа ұмтылыстың белгісі. Мұндайда дұғаға немесе ұстазға жүгіну дұрысырақ. Ал егер күмәнді сұрақ қойсақ, бұл – ішкі ізденістің белгісі, мұндай сәтте тірі қауымның қолдауы маңызды. ЖИ біздің дүниетанымды қалыптастырмайды, тек бар білімді көрсетеді. Оны қалай қабылдау – біздің шешіміміз, - дейді Самойлов.

Сонымен қоса ЖИ ешқашан сенімге ие болмайтындығын еске салды.

Машинада жан жоқ, рухани тәжірибе жоқ. Сенім – бұл жеке бастан өткерілетін, жүректен шығатын ұмтылыс. Алгоритмдер тек діни мәтінді келтіріп, ғұрыпты қайталауы мүмкін, бірақ ол жансыз форма ғана. Сарапшылар айтқандай, боттар Құдай туралы айта алады, бірақ сенімді бастан кешіре алмайды. Соған қарамастан, ЖИ ізгілікке қызмет ете алады. Технологиялар қасиетті мәтіндерді аударуға, өзара түсінуге, дәстүрлер мен құндылықтарды зерттеуге көмектеседі. ЖИ мәдени мұраны сақтау ісінде де маңызды: көне қолжазбаларды цифрлау, жоғалған мәтіндерді қалпына келтіру, ауызша мұраларды жинақтау – мұның бәрінде технология көмекші, - деп түйіндеді спикер.

Өзгелердің жаңалығы