Біреудің құжатымен анықтама алмақ болған азамат ХҚО қызметкерін соққыға жықты

5 Маусым 2019, 16:52
2074
Бөлісу:
Біреудің құжатымен анықтама алмақ болған азамат ХҚО қызметкерін соққыға жықты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін елордада халыққа қызмет көрсету орталығының біріне мекенжай анықтамасын алмақшы болған ер адам жүгінді. Ол басқа адамның төлқұжатын пайдаланбақшы болған. Төлқұжаттағы суретке ұқсамағандықтан, ХҚО қызметкері оған әртүрлі сұрақтар қойған. Қызметкерге ашуланған азамат, оны соққыға жыққан. Бұл туралы ХҚО-ның баспасөз қызметі хабарлады.  

"ХҚО қызметкері қызмет алушының жеке басын сәйкестендіру барысында төлқұжаттағы фото мен келушінің келбеті ұқсамағандықтан, жеке мәліметтері мен туған жылын айтып беруді сұрады.  Алайда, қойылған сауалдарға дұрыс жауап бере алмаған азамат дөрекілік көрсетіп, балағат сөздер айтып, ақыр соңында қызметкерге жұдырық ала жүгірді", - делінген халыққа қызмет көрсету орталығы жіберген хабарламада.   

Бөлім жетекшісі полицияны шақырғанда, қызмет алушы сыртқа шығып, жасырынып үлгерді. 

Кейін белгілі болғандай, халыққа қызмет көрсету орталығында кезек күткен азаматшаның бірі күйеуінің төлқұжатымен анықтама алмақшы болған. Ол қасында отырған азаматқа жолдасының атынан анықтама алып беруін өтінген. Туындаған жанжал барысында қызмет алмақшы болған әйел де ХҚО-дан шығып кеткен. 

Айта кетейік, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының қызметкері полицияға шағым түсірді. ХҚО қызметкеріне жұдырық ала жүгірген азаматқа ішкі істер органдарының қызметкерлері іздеу жариялады.    

Өзгелердің жаңалығы