Алматы, BAQ.KZ. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы көптеген жастың махаббатының куәсі болып, қазақстандық жас отбасылар қатарын көбейтуге өз үлесін қосып келе жатқан мекеме.
Оған дәлел, жыл сайын Алматы филиалының өзінде 25-30 отбасы құрылып жатады. Осы жылы да махаббаттың құдірет күшімен жұп болып, отау тігіп жатқандар бар.
Алматы қаласы филиалының өзінде, оның барлық ауданындағы фронт-офистер мен бэк-офистерінде, мамандандырылған ХҚКО-ларында 2 мыңға жуық мамандар жұмыс істейді. Оның 70 проценті жастар. Жоғары оқу орнындары мен колледждерден мамандық алған жастар, еңбек жолын ХҚКО-ларда бастап жатады. Әрине, отбасылық өмірлері де осы жерден басталатындар аз емес. Осы күнге дейін филиал 100-ге жуық отбасының тұсауын кесті, - дейді филиал директоры Данияр Қырықбаев.
Бақытын «Азаматтарға арналған үкіметтен» тапқан сондай жұптардың бірі - Ғүнари Матсуба мен Ләззат Башкеева. Олар ХҚКО-да жұмыс істегендеріне 10 жылға жуықтады. Осы жылдар ішінде бір-біріне деген махаббаты мен сенімі нықталған жастар, шаңырақ көтеріп, отау құрды.
Жастарға махаббаттарың мәңгілік, бақыттарың баянды болсын дейміз! Әлемді жайлап жатқан індет орнын, махаббат, сүйіспеншілік сынды асқақ сезімдер жайласын!, - делінген хабарламада.