ҚХП елордадағы даулы тұрғын үй құрылысы мәселесін көтерді

2 Желтоқсан 2020, 16:07
1389
Бөлісу:
ҚХП елордадағы даулы тұрғын үй құрылысы мәселесін көтерді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордалық құрылыс салушылар Премьер-министрдің өкімдеріне неге пысқырмайды? Қазақстан Халық партиясы Нұр-Сұлтан тұрғындарының қалыпты өмір сүруге деген құқығын қорғауға ниетті, деп хабарлады ҚХП баспасөз қызметі.

Жақында еліміздің бұқаралық ақпарат құралдары елорда әкімдігінің астананың сол жағалауында нүктелі құрылыс салуға тыйым салғанын қуана хабарлады. Алайда салынған тыйымға қарамастан, құрылыс жұмыстары әлі жалғасуда.

Мәселені бірінші болып ҚХП атынан сайланған Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова көтерді. Ол мемлекеттік органдардың қала құрылысы нормаларын бұзғанын ашық айтты.

Бір ғана мысал келтірейік. Елорданың сол жағалауында салынған құрылыстың айналасындағы жағдай. Тұрғындар жиналыстардың бірінде әлеуметтік нысандар мен мектептің жетіспеушілігіне қарамастан, қала әкімі №59 мектептің жүктемесін төрт есе арттыра отырып, осы мектептің жанынан 24 қабатқа дейінгі 18 ғимараттың құрылысын бастауға келісім бергенін анықтады. Бұл ретте қаланың бас жоспарында 17 қабаттан жоғары ғимараттардың құрылысы шектелетінін ескеру қажет, - деп атап өтті Смирнова өзінің депутаттық сауалында.

Әкімдіктің шешімі қала тұрғындары үшін тосын сый болды. Бұл әкімдікті құрылыс мәселелерін тұрғындармен талқылауды міндеттейтін заңнама талаптарына қайшы келеді.

Жобалар жүрдім-бардым бекітіледі! Сондай-ақ әкім басқаратын қала құрылысы кеңесінің шешімдері азаматтар үшін қолжетімді емес. Шешімдер заң мен «халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаттары бойынша әкімдіктің сайтында жариялануы тиіс, – деді халық қалаулысы.

Үкіметтен келген жауап тұрғындарға үміт сыйлағандай болды.

Тұрғындар арасынан құрылған бастамашыл топтың өтініші бойынша Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі (бұдан әрі – ИИДМ) Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Қабанбай батыр даңғылы, 38, 38/1 үйлер және Сығанақ көшесі, 8/1, 8/2 үйлер орналасқан көппәтерлі тұрғын үй кешеніне рұқсат құжаттарын беру кезінде қала құрылысы тәртібінің сақталуына жоспардан тыс тексеру жүргізді, – делінген жауап хатта.

Тексеру нәтижелері бойынша министрлік акт жасап, бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берді. Оған сәйкес Нұр-Сұлтан әкімдігі даулы тұрғын үй кешенінің құрылысына рұқсат құжаттарын қайтарып алды.

Алдағы уақытта Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі қолданыстағы құрылыс пен жұртшылықтың пікірін ескере отырып, қала құрылысы құжаттамасына түзету енгізеді, – деп уәде берді Премьер-министр Асқар Мамин.

Алайда, тәжірибе көрсеткендей, Үкімет өкімін құрылыс салушылар елемеген сыңайлы. Депутаттық сауалдың бастамашысы Ирина Смирнова мәселені әлі де бақылайды және құрылысқа наразылық танытқан тұрғындар тобымен байланыс орнатады.

Тұрғындар жұмыс жалғасуда деп жазды. Тағы бір қызығы, аталған тұрғын үй кешенінен пәтерлер сатуға тыйым салынған жоқ, – деді ол.

Бір жағынан, Премьер-министрдің жауабы үміт сыйлап отыр. Ауданның тұрғындары мұндай құжатпен құқық қорғау органдарына шағымдана алады. Екінші жағынан, қалыптасқан мысал жергілікті атқарушы билік бұйрықтарының еленбейтінін айқын көрсетіп отыр. Алайда ҚХП депутаты Ирина Смирнова шегінбек емес. Ол қала тұрғындарының құқықтарын қорғауды одан әрі жалғастырады.

Премьер-министрдің айтқаны жерде қалмай, бәрі ойдағыдай шешіледі деген сенімдемін, – деді Қазақстан Халық партиясының депутаты.

Өзгелердің жаңалығы