Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстандық делегация Финляндияның авиация билігімен келіссөздер жүргізді. Бұл туралы ИИДМ баспасөз қызметі хабарлады.
Бұл елдің "Finnair" әуе компаниясы соңғы 3 жыл бойына Нұр-Сұлтан-Хельсинки бағытында қызмет көрсетіп келеді. Кеше өткен келіссөздер нәтижесінде аталған компания Нұр-Сұлтан қаласына жасалатын рейстер санын арттырып, Алматыға жаңа бағыт ашатын болды - делінген баспасөз хабарламасында.
Осылайша, екі ел арасындағы рейстер саны аптасына 14-ке жеткізіледі. Атап айтқанда, енді Хельсинки-Нұр-Сұлтан және Хельсинки-Алматы бағыттарында аптасына 7 реттен ұшуға болады.
Бұл шара Мемлекет басшысының тапсырмасымен енгізілген "ашық аспан" режимі аясында іске асырылып жатқанын айта кеткен жөн.
Естеріңізде болса, бұған дейін Қазақстан тарапы Польша мен Бахрейнде жаңа рейстер ашу бойынша келіссөздер жүргізгені туралы хабарлаған болатынбыз.