«Хан Шатырдағы» қайғылы оқиға: қыздың ата-анасы мектеп әкімшілігін сотқа береді

10 Шілде 2019, 15:48
2732
Бөлісу:
«Хан Шатырдағы» қайғылы оқиға: қыздың ата-анасы мектеп әкімшілігін сотқа береді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордадағы №10 мектеп әкімшілігінің атына азаматтық іс қозғалады, деп хабарлады «Хабар 24». 

Бұл туралы жәбірленушілердің заңгерлері мәлімдеді. Мұндай әрекетке мектеп әкімшілігінің оқиғаға қатысты БАҚ-та жарияланған сұқбаты себеп болған.

Онда оқу орнының директоры мен сынып жетекші «қайтыс болған баланың денсаулығында ауытқу бар» деп айтқан. Алайда, қыздың әкесі Ермек Кабулов мұны жоққа шығарды. Ал жәбірленушінің құқығын қорғаушылар 8 жасар баланың денсаулық паспортын дәлел ретінде ұсынды. 

Сондай-ақ, заңгерлер білім беру басқармасы мен мектеп әкімшілігі тарапынан баланың отбасына материалдық көмек берілмегенін мәлімдеді. 

Қайғылы оқиғаға байланысты тергеу құпия түрде өтіп жатқандықтан қылмыстық іске қатысты нақты деректер айтылмады. 

«Біз өз тарапымыздан тиісті мекемелерге сұрау жасатып, ауруханадан баланың медициналық картасын алдырдық. Ондағы жазбалар №10 мектеп-гимназия директоры мен сынып жетекшісінің айтқанын жоққа шығарады. Денсаулық паспортында ешқандай аурулар тіркелмеген. Сондықтан біз мектеп директоры мен сынып жетекшінің атына азаматтық іс қозғау туралы арыз дайындап жатырмыз. Бұл қаза тапқан баланың және оның отбасы мүшелерінің ар-намысы мен заңды мүддесін қорғауға бағытталған», - деді заңгер Ерназар Есенов.

Айта кетейік, 3 маусым күні «Хан Шатыр» сауда ойын-сауық орталығындағы Sky Beach Club демалыс орнының бассейнінде 2010 жылы туған оқушы қыз суға батып, қаза болды. ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев осы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалғанын айтты.

Кейіннен мектеп директоры Марзия Ташенова қаза болған қыз "ерекше бала" болғаны туралы айтқан болатын. 

Өзгелердің жаңалығы