Халықаралық рейстер саны қысқарды

4 Наурыз 2020, 20:44
1124
Бөлісу:
Халықаралық рейстер саны қысқарды

Алматы, BAQ.KZ. ҚР Үкіметі коронавирустың Қазақстан аумағына таралуын болдырмау мақсатында тиісті шаралар қабылдауда. Коронавирус инфекциясы анықталған елдердің қатары көбеюіне байланысты 2020 жылдың 1 наурызынан бастап сондай мемлекеттерден келетін жолаушыларды тексеру күшейтілген. Ол 4 кезеңнен тұрады. 

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Азаматтық авиация комитетінің мәліметінше, 2020 жылдың 1 наурызынан бастап Алматы – Сеул бағыттары бойынша тұрақты рейстердің саны аптасына 9-дан 3 рейске дейін қысқарды. "Эйр Астана" әуе компаниясының Алматы – Сеул бағыты аптасына 5-тен 1 рейске дейін және "Asiana Airlines" әуе компаниясының рейсі 2-ден 1 рейске дейін шектелді.

Ал 1 наурыздан бастап "Mahan Air" әуе компаниясының Алматы – Тегеран бағыты бойынша рейстері мүлдем тоқтатылды. 

Сондай-ақ, 5 наурыздан бастап Алматы – Баку рейсі 5-тен 1 рейске дейін ("Эйр Астана" 3 рейстен 1-ге дейін, "Azerbaijan Airlines" 2-ден 1 рейске дейін) шектеледі.

Аталған әуе рейстерінің тоқтатылуына байланысты 2020 жылдың 1 наурызынан бастап бұл ұшақтарға билеттері бар жолаушылар әуе билеттерін сатып алған жеріне апарып, ақшасын айыппұлсыз және толық көлемде қайтарып ала алады.

2020 жылдың 3 наурыздан бастап "Қазақстанның авиациялық әкімшілігі" АҚ базасында коронавирусқа қатысты жағдайды бақылауға бағытталған ахуалдық орталық жоспарлы түрде жұмыс істей бастады. Бұл орталық әуе қатынасы бойынша Қазақстанмен тұрақты және тұрақсыз байланыс орнатқан елдердегі инфекцияны жұқтырған адамдардың статистикасы бақыланады.

"Қазақстанның авиациялық әкімшілігі" АҚ-да жолаушылардың әуе билеттерін қайтару бойынша туындаған сұрақтарына жауап беретін 8 (7172) 64 58 41 нөмірінде шұғыл желі телефоны жұмыс істейді.

Естеріңізге сала кетсек, Қазақстан мен Қытай арасындағы барлық тұрақты рейстер (аптасына 34 рейс) 2020 жылдың 3 ақпанынан бастап тоқтатылды.

Өзгелердің жаңалығы