Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының республикалық штабы» жекеменшік мекемесі басшысының уақытша міндетін атқарушы Әсем Мадекешова кешегі сайлаудың әділ өткенін әрі халық таңдауды дұрыс жасағанын айтты.
«Кеше біз кезектен тыс президент сайлауының барлық демократиялық қағидаларына сай өткендігіне куә болдық. Бұл сөздеріме өзге кандидаттардың жинаған дауыстарының әдеттегіден көптігі дәлел бола алады. Халқымыз еліміздің болашағы үшін дауыс беріп, Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бағдарламасында көрсетілгендей сабақтастық, әділдік пен өрлеу жолын таңдады», - деді ол.
Сонымен қатар, «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының басшысы өз таңдауына өкінбейтінін атап өтті.
«Мен өз таңдауыма өкінбеймін. Мемлекетіміздің болашағы ізденімпаз, білімді жастардың қолында. Қазір жастар жаңашыл, нақты әрекет пен жауапкершілікті сезіне алады. Бұған «Жасыл ел» жастар еңбек жасағындағы жастардың жалынды ұмтылысы дәлел. Жастардың жалынын өшірмей, олардың келешегіне кемел бағыт беретін жаңа президентімізбен алға батыл беттейтінімізге сенімім мол. Қазақстан Республикасының болашағы жарқын, алар асуымыз әлі көп. Елімізде тыныштық болсын, жаңа мемлекет басшысымен өрлеп, дами берейік», - деді Әсем Өмірбекқызы.