Халқымыз қашанда қиындықта ширыққан – Әлібек Асқаров

27 Сәуір 2020, 22:41
2358
Бөлісу:
Халқымыз қашанда қиындықта ширыққан – Әлібек Асқаров
Президенттік қолдау

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жазушы Әлібек Асқаров ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бүгінгі мәлімдемесіне қатысты пікір білдірген еді.

Далада да, қалада да танауды жарған жас жапырақтың, гүлдеп жатқан алма мен өріктің әтір иісін ала, сағындырған көктем де келіп жетті, мінеки. Амал қанша, сөйте тұра биылғы көктемнің жайы басқаша болып тұрғандай. Мұндайда көппен көрген ұлы той деген жауыр сөзді бұрын ауыл-аймақ, бір қала немесе өз еліміз төңірегіндегі төтенше құбылыстарға байланысты айта салушы едік. Атың өшкір бұл жолғы індеттің ауқымы ересен болды, жер-жаһанды қамтыды, бүкіл планетаны жуып кетті. Осы жасымызға дейін дәл осындай жаһандық масштабтағы оқиғаны көреміз деп үш ұйықтасақ түсімізге кірмепті ғой, – дейді жазушы.

Сондай-ақ ол көктемге деп, одан әрі жазға деп жобалап отырған қызметтік те, отбасы, ошақ қасылық та жоспарларының адыра қалғанын айтады.

Ендігі кезекті бір адамның ғана емес, бір отбасының да емес, мемлекетіміздің өмірінде ауқымды әрі маңызды өзгерістер болатыны даусыз. Пандемия жағдайы бәріміздің көзімізді ашқандай. Планета адамдарының тағдыры, сайып келгенде, ортақ екенін коронавирус дейтін бәле еске салғандай болды. Осы жағдайды терең пайымдап, дағдарыстан шын сабақ алатын болсақ, бұдан былай біз мүлдем жаңа жағдайда өмір сүретін боламыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі жасаған мәлімдемесінде осындай өзгерістерге біздің дайын болу керектігімізді ескертіп отыр. Қарапайым ел тұрғынының бірі ретінде өз басымыз қауіпті вирусқа жол бермей, дер шағында шешім қабылдағаны үшін Президентімізге дән ризамыз. Әйтпесе экономикалық жағдайы бізден әлдеқайда қуатты, медициналары қатты дамыған, ғылымымен де, мәдениетімен де әлемді аузына қаратқан анау алпауыт елдер күніне мыңдап қырылып жатқанын естігенде, шүкіршілік етесің, тәубеңе келесің, – деп жазды Әлібек Асқаров.

Осы орайда Қазақстанның дер кезінде іс-әрекетке көшкеніне, карантин жариялап, транспортты тоқтатып, қалаларды жапқанына Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да оң баға берген екен.

Расында да, бірінші кезекте халықтың денсаулығы қымбат, сол себепті карантин уақытының 11 мамырға дейін созылғанын дұрыс шешім деп қабылдап отырмыз. Елімізге бүйірден жабысқан мынау дерт әлі басылар емес, өршіп тұр. Ендеше шыдайық, сабыр сақтайық, барына да, бәріне де қанағат етейік. Мұндай қатерлі дерттің бетін қайтарып, түп тамырына балта шаппаса болмайды. Тәңірім шала шаруадан, бітпеген істен сақтасын. Ондай жағдай індеттің жаңа ошақтарының пайда болуына әкеп соғады. Ғасырлар қойнауына кеткен талайлы тарихымыздан білеміз, ел басына төнген қиыншылықтарда халқымыз қашанда ширыға түскен, бірлігін бекемдей түскен. Қазір де солай болады деген сенімдеміз. Біздің басымызға түскен дағдарыс та күллі қазақстандықтардың береке-бірлігін нығайтып, елжандылық сезімдерін шыңдай түсері сөзсіз. Президентіміз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бәрімізді жұдырықтай жұмылдыруға шақырып отыр, – дейді жазушы.

Сонымен қатар мүмкіндікке қарап жұмыстарын уақытша тоқтатуға мәжбүр болған кәсіпорындарға, орта және шағын кәсіпкерлікке барынша жеңілдіктер жасалып жатқанына ризашылығын білдірді.

Әлеуметтік жағынан мұқтаж жандарға, табысынан айрылған адамдарға осы айда алған қаражаттары енді құжат тотырмай-ақ келесі айда да берілетін болатынын естідік. Біз де ел азаматы ретінде жұртшылықты Президент шешімін қолдап, жасалып жатқан шараларға түсіністікпен қарауға шақырамыз, – деді жазушы Әлібек Асқаров.

Өзгелердің жаңалығы