ҚХА биыл өз қоржынын жаңа жобалармен толықтырып отыр – Түймебаев

16 Сәуір 2019, 18:49
2079
Бөлісу:
ҚХА биыл өз қоржынын жаңа жобалармен толықтырып отыр – Түймебаев

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында «PRодвигай себя» өзін-өзі ілгерілету, өзіндік маркетинг және пиар жасау стратегиялары бойынша тренинг өтті. Бұл туралы ҚХА баспасөз қызметі хабарлады.

Іс-шараға ҚХА-ның «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының мүшелері, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпаздары, ЭМБ жастар қанаттарының көшбасшылары, белгілі блогерлер, жастардың атаулы топтары қатысты.

Жиында сөз бастаған Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Жансейіт Түймебаев 9 маусым күні өтетін, уақыттың өзі, соңғы саяси өзгерістердің қисыны талап етіп отырған кезектен тыс президенттік сайлаудың маңыздылығын атап көрсетті. Спикер президенттік сайлаудың қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуға ықпал ететіне сенім білдірді.

Хатшылық меңгерушісі Елбасының Жастар жылын ашу кезінде Үкіметке нақты тапсырмалар бергенін және қазақстандық жастарға ықыласты сөздерін арнағанын еске салды. Бұл тапсырмаларда жастар үшін қолжетімді және сапалы білім, жұмысының, баспанасының және отбасын құру мүмкіндігі болуы басым деп жарияланған болатын.

«Ассамблея биыл өз қоржынын жаңа жобалармен толықтырып отыр, олардың әрқайсысын батыл түрде «әлеуметтік лифт» ретінде айқындауға болады», - деп атап өтті спикер.

ҚХА Төрағасының орынбасары «PRодвигай себя» тренингіне қатысушыларға арнаған сөзінде «Қазақстанның 100 есімі» жобасын бастаған кезде Мемлекет басшысы оның аса зор табыстарға қол жеткізген түрлі өңірден, ұлттардан шыққан әртүрлі жастағы нақты адамдардың тарихы екеніне назар аударғанын атап көрсетті.

«Жастарымыз селфбрендингтің жаңа дағдыларын игеріп, өз идеялары мен жобаларын ілгерілетудің пәрменді әдістерін үйрене алатынына сенімдімін», - деді Жансейіт Түймебаев.

Іс-шарада танымал тұлғалар, «Қазақстанның 100 есімі» жобасының жеңімпаздары сөз сөйледі.

«Родина» селолық округінің әкімі Белла Газдиева ауыл жастарын қолдау және дамыту жөнінде көп жұмыс атқарады. Ол жиналғандарға жастар саясатының перспективасын өзі қалай елестететіні туралы ойымен бөлісті.

«Пифагор» мектебінің негізін қалаушы Асан Жолдасов өз брендін бүкіл Қазақстанға танымал етті. Ол жастарға өзінің осы бағытта жинақтаған тәжірибесі туралы әңгімеледі.

Жеке бизнесін тақыр жерден бастап, үлкен жетістіктерге жеткен адамдардың бірі – Ларион Лян. Қазіргі кезде ол тұтас бір холдингтің жетекшісі болып отыр. Жастар алдында сөйлеген сөзінде ол мұндай табысқа қалай жетуге болатынына мән берді.

Өзгелердің жаңалығы