Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов ОКҚ онлайн-брифингінде айтты.
Халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысы шектеледі... Шұғыл мәселе болмаса, бұл жерге баруды қоя тұруды сұраймыз. Барлық ұйымдардың басшыларына қызметкерлерінің 70 процентін қашықтықтан жұмыс жасауға немесе еңбек демалысына шығару президент тарапынан ұсынылды. Осыны сақтануды сұраймыз. Бұл коммуналдық қызметкерлерге, құқыққорғау және арнайы органдарға, немесе медициналық қызметкерлерге және қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін басқа да ұйымдарға қатысты емес, - деді Алтай Көлгінов.Естеріңізге сала кетейік, коронавирустық инфекцияның елімізде де тіркелуіне байланысты президент 1 айлық төтенше жағдай жариялаған болатын.
Ал 17 күнгі ТЖ бойынша мемлекеттік комиссия отырысында Алматы мен Нұр-Сұлтан қалалары карантинге жабылып, қалаға кіріп-шығу шектелетіні белгілі болды.
Осыған орай қос мегаполис әкімдері халыққа үндеу жасап, қалада қандай өзгерістер орын алатынын айтып өтті.
Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Көлгіновтың айтуынша, 19 наурыздан бастап елорда карантинге жабылады. Қалада тек азық-түлік дүкендері, машина жуатын жерлер мен дәріханалар ғана жұмыс істейді.
Науқастарға диагностика жасап, емдеу үшін 1051 орынға арналған арнайы медициналық орын дайындалды.
Оның сөзінше, қалаға тағы 1 млн маска әкелінеді.
Сонымен қатар, ол елордалық медқызметкерлер коронавирус жұқтырды деген күдігі бар жағдайда пациенттермен қалай жұмыс істеу керегін жақсы білетінін мәлімдеді.
Көлгінов медициналық тексеруден бас тартқан азаматтар жауапқа тартылатынын да ескертті.