ХҚКО-лар жаңа форматта қызмет көрсетеді

6 Мамыр 2020, 15:52
1843
Бөлісу:
ХҚКО-лар жаңа форматта қызмет көрсетеді
Фото: дереккөз

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Елімізде жарияланған төтенше жағдай аяқталған соң ХҚКО-лар халыққа 97 қызметті ғана қағаз жүзінде көрсететін болады.

Бұл туралы бүгін тіклей эфирде баспасөз мәслихатын өткізген "Азаматтарға арналған үкімет" корпорациясының ШҚО бойынша филиалы директорының орынбасары Әсел Мамажанова хабарлады.

Коронавирус пандемиясының таралуының алдын алу мақсатында жарияланған төтенше жағдай аяқталған соң Халыққа қызмет көрсету орталықтарының көрсететін қызметтерінің түрлерімен қатар олардың көрсетілу форматы да бірқатар өзгеріске ұшырайды. Бұдан былай, ХҚКО-ларда тек қағаз жүзіндегі қызметтер ғана көрсетілетін болады. Олар шамамен 97 қызмет. Бұл қызметтерді сонымен қатар электронды түрде де алуға болады. ХҚКО-ға келу тек алдын ала жазылу арқылы ғана жүргізіледі. Бұл әдіс адамдардың көп шоғырлануына және вирустың таралуына жол бермейді, - деді Әсел Мамажанова.

Қызмет түрлерін ХҚКО-ларға келіп алатын зейнеткерлер, көпбалалы отбасылар, мүгедектігі бар азаматтар үшін жеке жеңілдік терезесі жұмыс істейтін болады. Ол үшін де аталған санаттағы адамдар алдын ала жазылып қоюлары тиіс. Әр клиентке көрсетілетін қызмет уақыты – 30 минут болмақ.

Бір адам өзінің ЖСН нөмірі арқылы күніне бір рет қызмет алуға алдын ала орынды броньдай алады. Азаматтар 1414 қысқа нөміріне қоңырау шалып немесе "Электронды үкімет" порталының арнайы сервисімен өтініш беру сияқты екі жолмен орынды броньдай алады. Аталмыш өзгерістер Өскемен және Семей қалаларындағы ХҚКО-ларға ғана қатысты, ал аудан орталықтарындағы филиалдар бұрынғысынша қызмет көрсетулерін жалғастырады, - деп қосты филиал директорының орынбасары.

Сонымен қатар, алдын ала орын алуға техникалық мүмкіндігі жоқ адамдарға Өскемен қаласының Қазақстан көшесі, 159 мекенжайында орналасқан ХҚКО-да өз-өзіне қызмет көрсету бұрышы ұйымдастырылған. Онда 15 жұмыс орны жасақталып, компьютерлер орналастырылған. Бұдан бөлек, қаладағы бірқатар ұйымдар мен білім беру мекемелерінде де осындай 67 аумақ ұйымдастырылған. Семей қаласы бойынша мұндай 80 орын құрылған.

Өзгелердің жаңалығы