Кейбір университеттер балаларға қаржы табу көзі ретінде ғана қарайды – Аймағамбетов

4 Қазан 2021, 12:52
4206
Бөлісу:
Кейбір университеттер балаларға қаржы табу көзі ретінде ғана қарайды – Аймағамбетов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «Желмая» жобасының қонағы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов еліміздегі ЖОО-лардың сапасы туралы айтты.

Министр сұхбат барысында неліктен министрлікке ақпараттық шабуылдар көбейіп кеткенін айтты.

Қысқа мерзімде 59 университеттен 360 лицензия қайтардық. Олар өздері үшін үлкен кәсіп, бизнес ретінде қарайды. Нарыққа тек білімді, білікті мамандар ғана шығуы керек. Тек ақшасын ғана алып, бірақ білім бермейтін сапасыз университеттерде мамандар даярланбасын деген – бұл біздің көзқарасымыз. Алайда университеттер олардың бизнесін тартып алып жатқандай қарайды. Бірақ оларды да түсінуге болады, - Асхат Аймағамбетов.

Айтуынша, елімізде 86 университет педагогтарды даярлаған.

Педагогтарды неге 86 университет дайындағысы келеді? Өйткені олар педагогтарды дайындау қымбат емес деп ойлайды. Ал мысалы, инженерлерді дайындайтын болса, әр түрлі құрылғыларды сатып алу керек, нәтижесінде үлкен шығын болады. Қысқа мерзім ішінде 86 университетті 50 университетке дейін азайттық. Ол әлі де қысқарады. Шымкентте бір университетті жаптық. Онда 35 мың студент оқыған. Салыстырмалы түрде әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде немесе Еуразия ұлттық университетінде мұндай студенттер жоқ. Әр студенттің төлеген ақшасын санап, 35 мыңға көбейтіп көрсеңіздер, үлкен қаражат жоғалтқанын көруге болады, - деді ол.

Министр қоғамда көзі ашық адам көп екенін айтты. Олар қандай жұмыс істеліп жатқанын да хабардар. Алып-қашпа әңгімелердің неден шығып жатқанын түсінеді деп ойлайтынын жеткізді.

Аймағамбетов Мемлекет басшысының берген тапсырмасы әрі қарай іске асырыла беретінін айтты.

Біз жауып жатқан университеттер балаларды қаржы табу көзі ретінде ғана қарайды. Жалпы елімізде университеттер көп болса, болсын. Бүгінгі күні бізге саны емес, сапасы ғана кедергі болып отыр. Егер шын мәнінде балалар ол университеттерге барып білім алса, онда оларға тиісіп қайтеміз?! Тексеріп жүргізіп, студенттерден тест алатын болсақ, мысалы, Шымкенттегі бір университетте студенттердің 99%-ы тест тапсыра алмады. Қазіргі күні педагог мамандығын оқып шыққандар, дипломмен қоса, Ұлттық тестілеу орталығынан біліктілік сертификатын да қоса алады. Осы ретте университетте оқығандар ешқандай қиындықсыз тесттерін тапсырып жатыр. Ал оқымай, бостан-босқа жүргендер оны тапсыра алмай, мектепке кіре алмай жүр, - деп түсіндірді Білім министрлігінің басшысы.

Ол бұл жұмыс әрі қарай жалғаса беретінін айтты.

Өзгелердің жаңалығы