Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сенатор білім беру жүйесінде туындаған және бейінді ведомствоның араласуын талап ететін бірқатар маңызды проблемаларды атап өтті.
Бұл туралы Парламент Сенатының баспасөз қызметі хабарлады.Сенат депутаты Сәрсенбай Еңсегенов білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовпен кездесті.
Жекелей алғанда, депутат пен министр мектептердің қашықтан оқытуға дайындығы, мектеп директорларын ротациялау арқылы тағайындау, жалақыны арттыру және мемлекеттік сатып алуға құжаттарды дайындау бойынша мұғалімдерге түсетін жүктемені алып тастау мәселелерін талқылады. Азаматтар аталған мәселелердің барлығын сенатордың аймақтық сапарлары кезінде көтерген.
Асхат Аймағамбетов ведомствода қолданыстағы заңнамаға бірқатар өзгерістер мен толықтырулар жобасы дайындалғанын, ол қазірдің өзінде Парламентке жіберілгенін және бұл айтылған мәселелерді шешуге ықпал ететіндігін айтты.
Сондай-ақ, сенатор мектеп психологтары қызметіне қатысты туындайтын мәселелер туралы сөз қозғады.
Министр өз кезегінде «Педагог мәртебесі туралы» жаңа заң мұғалімдерді кәсіби қызметіне қатысы жоқ жұмысқа тартуға жол бермейтінін еске салды. Сондықтан сенатор сөз еткен мәселелердің барлығы министрліктің тұрақты бақылауында болатынын жеткізді.