- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Кеудеде марапат, жүзде қуаныш: Көшпенділер чемпиондарына қалай құрмет көрсетілді – фоторепортаж
Кеудеде марапат, жүзде қуаныш: Көшпенділер чемпиондарына қалай құрмет көрсетілді – фоторепортаж
Рәсім басталмай тұрып-ақ спортшылардың көңіл күйі көтеріңкі еді.
11 Қыркүйек 2026, 15:43
Бірі кеудесіндегі марапатына қайта-қайта қарайды. Екіншісі жақындарына хабар жіберіп, қуанышын бөлісіп жатыр. Енді біреулері бірін-бірі құттықтап, естелікке суретке түсуде. Астанадағы Тәуелсіздік сарайында VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ел намысын қорғаған спортшылар марапатталды. BAQ.KZ тілшісі жеңімпаздармен тілдесіп, салтанатты күннің әсерлі сәттеріне куә болды.

Рәсім басталмай тұрып-ақ спортшылардың көңіл күйі көтеріңкі еді. БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берген жеңімпаздар Қырғызстандағы шешуші кездесулерін, жарыс алдындағы қобалжуын және жеңіс қуанышын еске алды.


Марапаттаудан кейін олардың қуанышы тіпті еселенді. Спортшылар алған наградаларын бір-біріне көрсетіп, суретке түсіп жатты. Телефонына үңіліп, ағайын-туысына сүйінші хабарын жеткізгендер де бар. Жеңімпаздарға марапаттармен қатар сыйлықтар табысталды.

Осы қуаныштың артында ұзақ дайындық, жеңілістен кейін қайта тұру және өзіне деген сенімді жоғалтпау секілді әр спортшының жеке тарихы жатыр.
32 алтынға жеткізген еңбек
ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтың айтуынша, Қырғызстанда өткен жарыс ұлттық құрама үшін үлкен сынақ болды. Қазақстан спортшылары 32 алтын, 20 күміс және 22 қола медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте бірінші орынға шықты.

Басқа елде сынға түсу оңай емес. Спортшыларымыз қажырлы еңбегімен, қайсар мінезімен топ жарды. Бүгін жеңімпаздарымызға мемлекеттік наградалар табысталып, үлкен құрмет көрсетілді. Бұл оларға рух беріп, ұлттық спорттың дамуына серпін болады, – деді министр.
Ол ұлттық спорттың маңызы жарыстағы нәтижемен шектелмейтінін атап өтті. Атадан балаға мұра болған спорт түрлерінің бойында тәрбие де, мәдениет те бар.
Біріншілік соңғы күні шешілген
Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының директоры Қайрат Пазылбек командалық есептегі бәсеке ойындардың соңғы күніне дейін жалғасқанын айтты.

Оның сөзінше, Қазақстан мен Қырғызстан құрамалары алтын медаль саны бойынша қатарласа жүріп отырған. Ал соңғы күнгі зияткерлік ойындардағы табыс Қазақстанның алға шығуына мүмкіндік берген.

32 алтын медальмен көш бастадық. Қырғызстан құрамасымен соңғы күнге дейін алтын саны бойынша таласып келдік. Соңғы күні спортшыларымыз алты алтын алып, екі алтын медаль айырмасымен алға шықтық. Бұл – спортшыларымыз үшін де, бүкіл қазақ елі үшін де үлкен қуаныш, – деді Қайрат Пазылбек.

Орталық директорының айтуынша, алда спортшыларды басқа да халықаралық жарыстар күтіп тұр. Құрама сол бәсекелерге дайындалып, тәжірибесін арттыра бермек.

«Жүрегім елжіреп, өзімді ұстай алмай қалдым»
Дәстүрлі садақ атудан алтын алған 51 жастағы Аяш Қабдоллаеваның жеңіс сәтіндегі қуанышы көпшіліктің есінде. Сол кезде сезімін жасыра алмаған спортшы көз жасына ерік берген болатын. Ол бүгін Тәуелсіздік сарайында сол сәтті қайта еске алды.

Оның айтуынша, қуаныштың көз жасына айналуына жеңістің өзі ғана емес, оған дейінгі қиындықтар да себеп болған.
Артымда қаншама еңбек қалды. Қандай қиындықтан өткенімді өзіміздің спортшылар біледі. Соның бәрінен өтіп, жақсы нәтижеге жеткенде жүрегім елжіреп, өзімді ұстай алмай қалдым, – деді жеңімпаз.

Шешуші бәсекеде қарсыласымен үш раунд бойы тең түскен. Жеңімпазды анықтау үшін қосымша раунд берілгенде қобалжу да күшейе түскен. Сол сәтте бапкерінің сөзі демеу болыпты.

Бапкерім Диас менің қобалжығанымды білді. «Апай, қобалжымаңыз. Осы уақытқа дейін жақсы нәтиже көрсетіп жүрсіз. Бұрын қалай атсаңыз, солай ата беріңіз. Ешкімді тыңдамаңыз» деді. Сол сөз маған қатты әсер етті. Бар күшімді, бар қуатымды жинап, қолдан келгенше тырыстым, – деді Аяш Қабдоллаева.

Садақшы бұл спортпен небәрі екі жылдан бері айналысады. Былтыр Кореяда өткен халықаралық жарыста бірінші орын алған. Ал биыл Астанадағы іріктеуде екінші болып, Көшпенділер ойындарына жолдама иеленген.
Одан кейін Қырғызстанда және Алматыда дайындықтан өткен. Дегенмен оның жаттығуы оқу-жаттығу жиынымен шектелмейді.

Үйде үздіксіз жаттығамын. Бір күнімді бос жібермеуге тырысамын. Уақыт табылса, міндетті түрде садағымды алып шығамын. Жарты сағат болсын, екі сағат болсын, дайындала беремін. Соның нәтижесі. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген осы, – деді ол.

«Бір мезетте жылағым да, қуанғым да келді»
22 жастағы армрестлер Данил Устинов Көшпенділер ойындарында 80 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде алтын және күміс медаль жеңіп алды.

Жарысқа барынша жинақы шыққан спортшы жеңіске жеткеннен кейін ғана сезіміне ерік бергенін айтады.
Бастапқыда ешқандай эмоция болған жоқ. Бапкерім мені бұл кездесуге өте байыпты дайындады. Өйткені мұндай бәсеке ешкімге оңай түспейді. Шығар алдында менімен сөйлесті. Дайындалдық, моральдық тұрғыдан дайын болдым. Бірақ жеңген кезде өзімді ұстай алмадым. Бір мезетте жылағым да, қуанғым да келді. Бұл – сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес сезім, – деді Данил Устинов.

Оның салмақ дәрежесінде бес әлем чемпионы өнер көрсеткен. Әсіресе Молдова өкілімен кездесу үлкен сынақ болыпты.

Ең мықты қарсыласым Молдовадан келген он дүркін әлем чемпионы болды. Ол – қазіргі абсолютті әлем чемпионы да. Өте тәжірибелі спортшы. Сондықтан онымен кездесуге моральдық жағынан да, физикалық тұрғыдан да ерекше дайындалдық, – деді армрестлер.
Ал Мемлекет басшысымен кездесу спортшыға ең алдымен мақтаныш сезімін сыйлаған.

Артымызда қаншама еңбек, сәтсіздік, көз жасы мен қиындық қалды. Президентпен кездесу – әр спортшы үшін үлкен мақтаныш әрі құрмет. Меніңше, әрқайсысы онымен жеке кездесуді армандайды, – деді ол.
Данил жеңісін ағасы, тәлімгері әрі бапкері Владимир Устиновқа арнаған.

Соның арқасында спортты жолдың басында да, кейін де тастап кеткен жоқпын. Ол мені жалғастыруға жігерлендірді. Өзіме сенбеген кезімде де маған сеніп, алға жетеледі, – деді спортшы.
Тәуелсіздік сарайында жеңімпаздар бір-бірін құттықтап, естелікке суретке түсіп жатты. Кеудедегі марапат, жақындарына жолданған сүйінші хабар және жүздеріндегі күлкі – бүгінгі салтанаттың ең әсерлі көріністері осы болды.
Ең оқылған:
- Алаяқтар несиелерге қатысты жаңа схема ойлап тапты
- Атырауда екі жасөспірім мопедпен полициядан қашып, қуғынды видеоға түсірген
- eGov «қызметкері» Тараз тұрғынының атына 7 несие рәсімделгенін айтып, 2 млн теңгесінен айырды
- Бұрынғы шенеуніктер қаруынан айырыла ма? Арменияда күтпеген шешім қабылданды
- «Роллтон» мен «Доширак» кеспесінен қауіпті пестицидтер табылды
Олжас АДАЙ