Қостанай облысының бас имамы Бахытбек Тәжімбет масаң күйде көлік тізгіндегені үшін ұсталып, 15 тәулікке қамауға алынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сондай-ақ ол 7 жылға көлік құралын басқару құқығынан айрылды. Істің мән-жайын білу үшін ҚМДБ-ға хабарластық.
Діни басқарманың қызмет жүйесінде заң нормаларын және дін қызметкері этикасын өрескел бұзатын жеке тұлғалардың діни салада жұмыс істеуіне моральдық тұрғыдан құқығы жоқ. ҚМДБ дін қызметкеріне лайықсыз әрекет жасаған Бахытбек Тәжімбетті Қостанай облысының бас имамы қызметінен босатты. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы болған оқиғаны үлкен өкінішпен қабылдап, еліміздегі мұсылман жамағатынан кешірім сұрайды. Алла Тағала баршамызды жамандық пен өкінішті істерге жетелейтін нәпсі қалауының кесірінен сақтаған, - деді ҚМДБ.
2024 жылғы 23 шілде сағат 03:00 минут шамасында жүргізуші Б.Н. Тәжімбет Бурабай кенті Кенесары көшесі «Регион 03» клубтың қасында мемлекеттік белгісі 777DPA10 TOYOTA HIGHLANDER автокөлігін алкогольдік масаң күйінде ЖЖҚ-ның 12-бөлігінің 2-тармағында құқық бұзушылық жасап басқарған.
Сот отырысында Бахытбек Тәжімбет өз кінәсін мойындамай, алкольдік ішімдік емес, тек қана қымыз ішкенін айтып ақталған.