Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Кентуккиде жүк ұшағы апатқа ұшырап, кемінде үш адам қаза тапты

5 Қараша 2025, 07:12
849
Бөлісу:
 Stephen Cohen/ Getty Images
Фото: Stephen Cohen/ Getty Images

АҚШ-тың Кентукки штатындағы Луисвилл қаласында UPS компаниясына тиесілі жүк ұшағы апатқа ұшырады. Оқиға салдарынан кемінде үш адам қаза тауып, 11 адам жарақат алды, деп хабарлайды BAQ.KZ Reuters-ке сілтеме жасап.

Кентукки губернаторы Энди Беширдің айтуынша, қаза тапқандар саны әлі де көбеюі мүмкін.

Қазіргі мәлімет бойынша үш адам көз жұмды, бірақ бұл сан артуы ықтимал. Он бір адам жарақат алды, олардың кейбірі ауыр халде, – деді ол.

UPS хабарламасында ұшақ бортында үш экипаж мүшесі болғаны және олардың барлығы қаза тапқаны расталды. Федералды авиация басқармасының дерегінше, апат 4 қараша күні жергілікті уақытпен сағат 17:15 шамасында, Мұхаммед Әли атындағы халықаралық әуежайдан ұшқаннан кейін көп ұзамай болған. Ұшақ Гонолулуға бет алған.

Куәгерлер мен бейнежазбаларда ұшақтың бір қанатында өрт тұтанып, жерге құлаған сәтте үлкен жарылыс болғаны көрінеді. Апат орнында бірнеше өндірістік ғимарат өртеніп, қалың қара түтін аспанға көтерілген.

Луисвилл төтенше жағдай қызметі әуежай маңындағы тұрғындарға қауіпсіздік мақсатында баспанаға жасырыну жөнінде ескерту жасады.

Ұлттық көлік қауіпсіздігі кеңесі (NTSB) апаттың себебін анықтау үшін тергеу бастағанын хабарлады. Тергеу нәтижесі әдетте 12-24 ай ішінде жарияланады.

Flightradar24 деректері бойынша, апатқа ұшыраған MD-11 типті жүк ұшағы 34 жыл пайдаланылған. Ұшақ әуеге көтерілгеннен кейін 175 фут биіктікке жетіп, күрт төмендеген.

Boeing компаниясы UPS ұшағының апатына байланысты көңіл айтып, тергеуге техникалық қолдау көрсететінін мәлімдеді.

UPS-тің жаһандық әуе жүк орталығы Луисвилл әуежайында орналасқан. Оқиға салдарынан әуежай ұшу-қону жолағын уақытша жапты, бұл Amazon, Walmart және АҚШ пошта қызметінің жеткізілім кестесіне әсер етуі мүмкін.

Өзгелердің жаңалығы