Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Кентау қаласындағы политехникалық колледждің студенттері алдағы уақытта халықаралық деңгейде сертификат алып, шетелдердегі кәсіпорындарда жұмыс істей алатын болады.
Бұл туралы Кентау трансформатор зауытының жанындағы Кентау политехникалық колледжі мен немістің «TUV Rheiland Akademie GmBH» концернімен салтанатты түрде әріптестік келісімге қол қою барысында мәлім болды.
Қол қою рәсіміне Қазақстандағы Германия Федеративтік Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Тило Клиннер, «TUV Rheiland Akademie GmBH» халықаралық жобасының жетекшісі Катя Кайзер, «КТЗ» АҚ бақылаушылар кеңесінің төрағасы Хайрулла Қожабаев, Кентау политехникалық колледжінің директоры Виктор Кривенцов қатысты.
TÜV Rheinland Academy & Life Care – оқыту, тестілеу, инспекция, сертификаттау, кәсіпорындарға кеңес беру мен кадрларды қайта даярлау саласында алдыңғы қатарда келе жатқан халықаралық жеткізуші. Әлемге танымал концернмен орнаған әріптестік – колледжге халықаралық стандарт пен дуальды оқыту барысында немістің сапалы білімі мен тәжірибесін алмасуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, келісімге қол қойылғаннан бастап аталған оқу орны халықаралық колледж статусына ие болады. Ары қарай колледждің атауын «Қазақстан-Неміс политехникалық колледжі» деп қайта атау жоспарлануда.
Бүгінде дуальды оқыту жүйесін жолға қойған колледжде 695 студент білім алады. Колледждің құрылтайшысы – Кентау трансформатор зауыты. Қарамағында 40 кәсіпорын, 9 зауыт бар. Колледж директоры Виктор Кривенцовтің айтуынша, түлектерді жұмысқа орналастыруда мәселе жоқ, 80 пайызы жұмыспен қамтылады.
«Біз бүгін «TUV Rheiland Akademie GmBH» халықаралық жобасымен келісімшарт орнаттық. Жоба аясында осы жылдың тамыз айында біздің оқытушыларымыз бен зауыттың бірнеше маманы Германияда оқытудан өтеді. Олардың қаржылық өтемін неміс тарапы өз мойнына алады. Бағдарлама бойынша біздің мамандарымыз арнайы дайындықтан өтіп, халықаралық серификатқа ие болады. Елге келген соң олар әрине біздің студенттерімізді оқытады. Себебі, біз де зауыт өнімдерін Еуропа нарығына ұсынғымыз келеді», - деді Кентау политехникалық колледжінің директоры Виктор Кривенцов.
Осылайша Кентау политехникалық колледжіндегі кәсіптік білім халықаралық деңгейге көтеріліп, колледж түлектерінің білім сапасы мен деңгейін жоғарылата түспек. Бұл өз кезегінде елімізде білім беру саласында техникалық және кәсіби модернизациялауға септігін тиізбек.