Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысындағы Кентау қалалық «Ардагерлер үйі» жаңа ғимаратқа қоныстанды. Салтанатты іс-шараға Кентау қаласының әкімі Дәурен Махажанов пен облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов қатысып, ғимараттың лентасын қиды, деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Жиында сөз алған ақсақалдар қауымы қала басшылығына алғыс айтып, өз қуаныштарын жеткізді.
Ардагерлерге арналған орталық соңғы үлгідегі жабдықтармен жабдықталған. Онда «Әкелер мектебі» мен ардагерлер кеңесінің жанынан құрылған «Әжелер алқасына» арнайы бөлме әзірленген. Түрлі іс-шаралар ұйымдастыруға арналған мәжіліс залы да бар. Одан бөлек ақсақалдардың бос уақытын тиімді өткізу мақсатында шахмат, дойбы ойын бөлмесі жасақталып, кішігірім кітап сөресі қойылған.
Ардагерлер кеңесінің мүшелері қаладағы барлық іс-шараларға белсене қатысып, жастарға жол көрсетіп келеді. «Әкелер мектебі» жас әкелерге бала тәрбиесі және отбасына басшылық жасау бағытында ақыл-кеңестерін айтса, «Әжелер алқасы» ұлттық салт-дәстүрлерімізді насихаттау жолында аянбай қызмет етуде. Кентау қаласындағы ардагерлер ұйымының кеңес құрамында 10-нан аса қария бар.
Ұйымның басты мақсаты – кейінгі буын жастарға жол көрсетіп, кеңес беру. Бұған дейін ардагерлер үйі қалалық маслихаттың ғимаратында орналасқан болатын.