2025 жылдың көктемгі маусымында кене шағуына байланысты 286 жағдай тіркелсе, жыл соңында бұл көрсеткіш 435-ке жеткен. Ал 2026 жылдың көктемгі кезеңінде 385 адам кене шағуына байланысты медициналық көмекке жүгінген, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Астана қаласының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Жанна Пралиева сөзінше, бұл табиғат аясында демалу кезінде қауіпсіздік шараларын сақтаудың маңызын көрсетеді.
Кене шағу жағдайлары көбіне табиғат аясында демалғаннан кейін тіркеледі. Сондықтан азаматтар орманды және көгалды аумақтарға барған кезде қорғаныс киімдерін киіп, арнайы репелленттерді қолдануы қажет. Табиғаттан оралған соң денені мұқият қарап шығу өте маңызды, - дейді ол.
Кене энцефалиті қандай ауру?
Кене энцефалиті – орталық жүйке жүйесін зақымдайтын вирустық жұқпалы ауру. Инфекция негізінен вирус жұқтырған кененің шағуы арқылы таралады. Кей жағдайда ауру шикі немесе жеткілікті өңделмеген сүт өнімдері арқылы да жұғуы мүмкін.
Аурудың алғашқы белгілері тұмауға ұқсас болады. Науқаста дене қызуы көтеріліп, бас ауырады, әлсіздік байқалады. Сонымен қатар бұлшықет пен буындардың сырқырауы, жүрек айну және құсу белгілері болуы мүмкін, - дейді маман.
Ауру асқынғанда не болады?
Дер кезінде емделмеген жағдайда кене энцефалиті ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін. Науқаста мойын бұлшықеттерінің тартылуы, қозғалыс үйлесімінің бұзылуы, аяқ-қолдың әлсіреуі, естің шатасуы және құрысу белгілері байқалады.
Егер адамды кене шаққан болса, оны өздігінен жұлып алуға тырыспай, медициналық ұйымға жүгінген дұрыс. Ал кене шаққаннан кейін бірнеше апта бойы денсаулық жағдайын бақылау қажет. Дене қызуы көтеріліп немесе әлсіздік пайда болса, міндетті түрде дәрігерге қаралу керек, - дейді дәрігер.
Қалай қорғанамыз?
Маман табиғатқа шыққанда ұзын жеңді киім киіп, шалбардың балағын шұлықтың немесе аяқ киімнің ішіне салуға кеңес береді. Ашық түсті киім кенені тез байқауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар арнайы репелленттерді қолдану ұсынылады.
Табиғаттан оралған соң мойын, құлақтың арты, қолтық асты, тізе асты, бел және шап аймағын мұқият тексеру қажет. Балалардың шашы мен денесін қарауға ерекше назар аударған жөн, - деп ескертеді маман.
Еске салсақ, Ақмола облысында кене энцефалитінің төрт дерегі тіркелгенін хабарлаған болатынбыз.
Тағы оқи отырыңыз: Қазақстанда 9,5 мыңнан аса адамды кене шаққан
Астанадағы саябақтарда кене бар ма? – Мамандар эпиджағдай туралы айтты
Астанада кене шақса, қайда қаралу керек?