Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Кендірлідегі су тұщыту зауытының алғашқы желісі іске қосылды

14 Тамыз 2025, 16:55
651
Бөлісу:
 gov.kz
PHOTO
Фото: gov.kz

Маңғыстау облысының Кендірлі теңіз жағалауындағы Тоқмақ мүйісінде су тұщыту зауытының алғашқы желісі іске қосылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Аталған кәсіпорында 30 мамыр күні құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталып, іске қосу және жөндеу кезеңі басталды. 9 шілдеде тұщытылған судың толық технологиялық циклі іске қосылып, теңіз суын тұщыландыру бойынша өндірістік желіні тексеру және жуу жүргізілді.

Қазіргі таңда тәулігіне 12 500 текше метр су өндіретін алғашқы желі сәтті іске қосылды. Зертханалық талдау нәтижелері бойынша судың сапасы санитарлық-гигиеналық талаптарға толық сай. Көпсатылы тазартудан және тұщытудан өткен су Жаңаөзен қаласының орталық су тарату торабына ұзындығы 100,7 шақырымды құрайтын жаңа магистралды құбыр арқылы жеткізілді.

Кендірлідегі су тұщыту зауытының алғашқы желісі іске қосылды

Жаңа зауытта Маңғыстау облысының әкімі Н.Қилыбай және ҚМГ басшысы А.Хасенов тұщытылған теңіз суының дәмін татып көрді. 

Қуаты тәулігіне 50 мың текше метр болатын жаңа зауыт биыл қазан айының соңына дейін толық өндірістік қуатына көшіп, Жаңаөзен қаласының тұрғындарын тұрақты түрде ауыз сумен қамтамасыз етеді. Бұдан бөлек, аталған нысан «Астрахань-Маңғышлақ» магистральды су құбырына түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді және жалпы өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін дамытуға елеулі ықпал етеді.

Айта кетейік, бұл стратегиялық маңызы зор ірі жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша жүзеге асырылуда.

Кендірлідегі су тұщыту зауытының алғашқы желісі іске қосылды

Жоба толық іске қосылғанда 91 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Құрылыс кезеңінде мұнда 650-ге жуық адам жұмыс істеді.
 

Өзгелердің жаңалығы