Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Билік басында жүрген азаматтардың ой-пікір айтуына мүмкіндіктері бар. Бұл туралы Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Рас, ол шектеулі, ол мүмкін сонысымен көпшіліктің наразылығын тудырып жатады. Қоғамымыздың даму барысындағы кемшіліктерді айтпай, тек барлығын жағымды етіп, жетістіктерімізді тізбелей берсек қоғам тоқыруда болады. Қоғамның кенелері мен паразиттерінен тазартудың кролині - қоғамдық пікір. Кез келген мемлекеттік қызметкердің қызметі оның басшысынан гөрі қоғамдық пікірге байланысты болуы керек. Егер қоғамның дамуына бір ғана топ, бір ғана партия жауап беретін болса, онда мемлекет өз халқынан ажырап қалады. Оған мысалдар жеткілікті. Демек, мемлекеттің күші мен оның жасампаздығы оның халқының азаматтығын сезінуінде, – дейді депутат.
Оның айтуынша, азаматтықты толық сезіну үшін әрбір адам өмір сүріп отырған елінде, жерінде өзінің басқа елдегідей артық, мүмкіншілігі бар екенін сезіне білуі керек.
Ол артықшылық – азаматтық құқықтарда. Біз енді қоғамдағы саяси тұрақтылықты саяси бәсекелестік негізде болатын тұрақтылыққа айналдыруымыз қажет. Европа өркениеті қоғам мен мемлекеттің еркін дамуы үшін еркін саяси ой-пікірлердің бәсекелестігіне, азаматтардың бүкіл ақыл- ойы, жігері, қабілеті өзінің болашағы мен өзінің жақсы өмір сүруі үшін жұмсалатынына толық сенгендігіне негізделіп отыр. Сондықтан да қоғамдағы азаматтарымыздың саяси ой- пікірлеріндегі ашық бәсеке басымдыққа айналу заңды құбылыс, – дейді депутат Мұрат Бақтиярұлы.