Павлодар облысында оқушыларға арналған кемедегі өлкетану академиясы жұмысын бастады, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.
Басты мақсат - жеткіншектерді өлке тарихымен таныстырып, Ертіс өзенінің бойымен саяхатқа шығару. Шара барысында оқушылар эколог, геолог, географ, картограф, зоолог, тарихшы, ботаник, гиролог сияқты мамандардың дәрісін тыңдап, қызықты мағлұматтарға қанық болады.
«Павлодар география Үйі» қоғамдық бірлестігінің директоры Александр Вервекиннің айтуынша, «Фарватер» академиясы шеңберіндегі саяхат бес күнге шақталған.
Осы жылы бір күнде түрлі бағытта жұмыс істейтін үш маман дәріс оқиды. Біз академия барысында география, зоология, картография, гидрогеология, палеонтология, археология сияқты бағыттарын қамтымақпыз. Бұл ғылымдарға балалар қызығушылық танытып жүр. Біздің мақсат та сол - осы бағыттар арқылы жеткіншектерді өлкеміздің бай тарихымен таныстыру. Осылайша, тәрбиеленушілеріміз бес күннің ішінде 15 маманның дәрісін тыңдайды. Ал кеме капитаны Ертіс өзенінде жүзу, өзі тізгіндейтін су көлігінің ерекшеліктері туралы айтып береді, - Александр Вервекин.
Шараның алғашқы күні эколог Светлана Могилюк дәріс оқыды.
Дәріс барысында климаттың өзгеруіне басымдық бердім. Осы тектес шара - балаларға экологиялық білім мен патриоттық тәрбие берудің тиімді жолы. Кемедегі академия жұмысына ерікті ретінде араласып жүрміз. Осылайша, қарт Ертістің бойымен саяхат жасап, жас буын өкілдерінің дамуына өз үлесімізді қосқымыз келеді, - дейді Светлана Могилюк.
Айта кетейік, кемедегі академияның жұмысы осымен жетінші жыл қатарынан ұйымдастырылуда. Кешенді шара танымал өлкетанушы Эрнест Соколкиннің құрметіне арналды.