Халықаралық сарапшы Риззат Елубаев Қазақстан мен Әзербайжан басшыларының арасындағы кездесуде қандай жобаларды талқылайтынын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың соңғы уақыттағы халықаралық сапарлары нақты әрі маңызды кездесулер. Ол геосаяси жағдайға байланысты еліміз үшін туындаған мәселелерге бағытталып отыр. Алдағы Қазақстан-Әзербайжан кездесуі кеңейтілген және жеке форматта өтеді. Екі ел басшыларының кездесуінде стратегиялық сұрақтар қозғалса, кеңейтілген отырыста бүгінгі нақты жобалар талқыланатын сияқты, - дейді Риззат Елубаев.
Сарапшының атап өтуінше, бұған дейін Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы кездесуге айтарлықтай дайындық жүргізілген. Екі елдің сарапшы топтары кездесіп, түрлі жобаларды сарапқа салған. Сондай-ақ бірқатар мәдени іс-шара ұйымдастырылған.
Қазақстан мен Әзербайжан өздерінің сауда-саттық әлеуетін толық қолдана алмай отыр. Бүгінгі кездесуде екі елдің ынтымақтастығы жаңа деңгейге көтеріледі деген сенім бар. Келіссөздер негізінен сауда-саттық және де жүк тасымал логистикасы сонымен бірге мәдени-гуманитарлық бағыттар бойынша жүргізіледі, - деді сарапшы.
Айтуынша, бүгінгі басты сұрақ - Қазақстан мен Әзербайжан ірі транспорттық хабқа айнала ма?
Оның біқатар себебі бар. Өздеріңіз білетіндей, Украинадағы шиеленіске байланысты екі елдің солтүстік бағыты жабылып жатыр. Сол себепті Қазақстан мен Әзербайжан басшылары жаңа логистикалық жолдарды іздестіріп жатыр. Бұл тарапта екі мемлекеттің бір-біріне берері мол, - деді Елубаев.
Саясаткердің пікірінше, ауқымды жоба ретінде Каспий теңізінің түбінен мұнай өтетін құбыр салу мәселесі талқылануы мүмкін.
Ол жерде мұнай таситын танкерлер санын арттыру, кеме құрастыру және де мұнай өңдеу құрылғыларын құрастыру бойынша жобалар белгіленетін секілді. Осы мәселеге қатысты бірқатар құжатқа қол қойылуы әбден мүмкін, - деді Риззат Елубаев.