Келісі 150 теңгелік алмалар делдалдар арқылы 500 теңгеден сатылып жатыр - депутат

24 Ақпан 2022, 13:37
1154
Бөлісу:
Келісі 150 теңгелік алмалар делдалдар арқылы 500 теңгеден сатылып жатыр - депутат

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенатор Әли Бектаев Премьер-министр Әлихан Смайыловқа депутаттық сауал жолдады. Сенатор Үкіметтің жеміс-жидек пен көкөніс өндірумен айналысатын шаруаларға қатысты атқарып жатқан жұмыстарын сынға алды. 

Аграрлық секторды әртараптандырудың негізгі бағыты - бау-бақша өндірісін дамыту. Қазақстанда жеміс-жидек өндірісінің перспективасы өте зор. Жылына 420 мың тоннадай жеміс-жидек өндірілгенімен, әлемдегі тамақтану стандарттарына сай әр адамға қажетті жылдық норманы есептейтін болсақ, біздің халқымызға 2,5 млн тоннадан астам өнім қажет. Яғни біз оның 17%-ын да қамтамасыз ете алмай отырмыз. Оның үстіне бау-бақшаның гектарынан түсетін таза табыс майлы дақылдармен салыстырғанда 16 есе, астық шаруашылығына қарағанда 25 есе жоғары, - дейді Бектаев.

Айтуынша, бұл саланың еліміз үшін аса маңыздылығы, денсаулық үшін пайдалылығы, экономикалық тұрғыдан тиімділігі құзырлы органдар тарапынан ескеріле бермейді. Біз әлі де импортқа тәуелдіміз. Елімізге жылына 230 мың тоннадан астам бау-бақша өнімдері шеттен әкелінеді. Біздің нарығымызға көршілес Өзбекстан, Қырғызстанды айтпағанда, Түркия, Польша, Беларусь, Молдова, Әзербайжан, Қытай, Иран мемлекеттерінен жеміс-жидек тасымалданып жатыр. Ал Ауғанстаннан жылына 2 мың тонна жүзім сатып аламыз.

Елімізде бау-бақша дақылдарының өнімділігі өте төмен. Гектарына 7-8 тоннадан аспайды. Ал бұл көрсеткіш Ресейде 12, Өзбекстанда 15, Польшада 25-30 тоннаны құрайды. Бізде бау-бақша мен жүзім шаруашылығын мемлекеттік қолдау нашар. Соңғы 15 жылда осы өндіріспен айналысатын 1 500 шаруашылықтың 2,5 пайызы ғана жеңілдетілген несие алып отыр. Ал екінші деңгейдегі банктер екі жобаны ғана қаржыландырған. Осы аралықта өсімдік шаруашылығына бөлінген субсидияның 0,02 пайызы ғана бау-бақшаға бөлінген. Ауыл шаруашылығын дамытудың 10 жылдық концепциясында да, өңірлік бағдарламаларда да интенсивті бауды дамыту, өнімдерін сақтау, нарыққа делдалсыз шығару шаралары қамтылмаған, - деп айтты сенатор.

Әли Бектаев атап өткендей, баулардың басынан әр келісіне 150 теңгеге сатылған алмалар делдалдар арқылы бөлшек саудада 480-500 теңгеге сатылып жатыр. Яғни бау мен базар аласындағы бағаның айырмашылығы 3,5 есе.

Осының барлығын айта келе төмендегі мәселелерге көңіл аударып, тиісті шаралар қабылдауды ұсынамыз. Еліміздің ауылшаруашылығы саласын әртараптандырудың негізгі бағыттарының бірі ретінде – интенсивті бау-бақша өндірісін дамытудың нақты салалық бағдарламасын қабылдау керек. Заманауи талаптарға сай, тиісті лабораториялармен қамтылған, жаңа жеміс-жидек сорттарының көшеттерін өндіретін питомниктер желісін дамыту, оны ынталандыратын шаралар қабылдау маңызды. Сонымен қатар Қазақстандағы жеміс-жидек және жүзім, өсімдіктерді қорғау бағытында жұмыс істейтін ғылыми-зерттеу институттарының қызметін интенсивті бау-бақша өндірісіне қарай түбегейлі бұру мақсатында тәжірибе жинақтаған шаруашылықтарға бекітуді қолға алуды ұсынамыз, - деп айтты өз сауалында депутат.

Өзгелердің жаңалығы