Келесі жылдан бастап университеттер дипломды өз үлгісімен бере бастайды

10 Қараша 2020, 13:36
2201
Бөлісу:
Келесі жылдан бастап университеттер дипломды өз үлгісімен бере бастайды
Фото: Арман Мухатов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Жоғары оқу орындарының академиялық еркіндігі 85 пайызға кеңейтілді. Бұл туралы Білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленов айтты. 

Оның айтуынша, 2021 жылдан бастап жоғары оқу орындары өз үлгілеріндегі диплом бере алады. Бұл өз кезегінде оқу орындарының жауапкершілігін арттырмақ. 

Қазіргі күні Қазақстанда 128 жоғары оқу орны бар. Оның 56-сы мемлекеттік, 72–сі жеке меншік университеттер. Назарларыңызды мынаған аударғымыз келеді: Біз білім сапасын көтеру туралы сөз қозғағанда оның мемелекеттік немесе жеке меншік деп бөлмейміз. Бұл университеттерге қатысты академиялық еркіндіктің кеңейтілгенінің бір көрінісі. Елбасының «100 нақты қадам» ұлт жоспары аясында 2018 жылы жоғары оқу орындарының академиялық еркіндігін кеңейтуге бағыттылған заң қабылданған болатын. Заң бойынша әр жоғары оқу орнына өз оқу бағдарламасын жасауға оқытушылардың кәсіби біліктілігіне қатысты талаптарды айқындау мүмкіндігі берілген, - деді вице-министр.  

Оның айтуынша, нәтижесінде жоғары оқу орындарының академиялық еркіндігі 85 пайызға дейін кеңейтілді. Білім және ғылым министрлігінің білім беру бағдарламалары реестрінде 99 бағдарлама тіркелген. 

Академиялық еркіндік университеттердің өз білім сапасына жауапкершілікпен қарауды да көздеп отыр. 2021 жылдан бастап университеттердің мемлекеттік үлгідегіден бөлек, өз үлгісіндегі диплом бере бастауы да академиялық еркіндіктің бір көрінісі, - деді ол. 

Қазіргі күні барлық жоғары оқу орындарында мемлекеттік үлгідегі диплом беріледі. Бұл өз кезегінде мемлекеттік тұрғыдан кепілдік береді. Университет өз үлгісіндегі диплом беруі өздерінің атақ-абыройы үшін өз атынан жауап беретін болады. Мысалы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ дипломы болса, оған сол университет жауап береді. Сонда жұмыс беруші де ЖОО білім беру сапасы мен деңгейіне қарап түлектерді жұмысқа алатын болады. 

Өзгелердің жаңалығы