«Келесі ғасырдың қаласы»: Бозымбаев Alatau City туралы ауқымды жоспарды жариялады

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Alatau City табысты дамуы үшін қалаға жай ғана арнайы мәртебе беру жеткіліксіз екенін айтты. Оның сөзінше, құқықтық, салықтық және басқарушылық дербестік қажет.

 gov.kz Бүгiн 2026, 11:41
Бүгiн 2026, 11:41
120
Фото: gov.kz

Үкіметте Мемлекет басшысының Alatau City жобасына қатысты тапсырмаларын іске асыру жөнінде баспасөз конференциясы өтіп жатыр. Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев жаңа қаланы дамыту кезінде қандай халықаралық тәсілдер қолданылатынын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Халықаралық тәжірибе

Бозымбаевтың айтуынша, әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, қалаға арнайы мәртебе беру жеткіліксіз. Маңыздысы – жергілікті әкімшілікке шешімдерді жедел қабылдай алатын нақты өкілеттіктер беру.

Мысал ретінде ол Қытайдағы Шэньчжэнь мен Хайнань қалаларын атады.

Шэньчжэнь мен Хайнань тәжірибесі бұл қалалардағы жергілікті әкімшіліктерге Қытайдың орталық үкіметі кең өкілеттік бергенін көрсетеді. Олар салықтық шешімдер қабылдай алады, алымдарды әкімшілендіреді, қолдау шараларын басқарады. Соның нәтижесінде шешімдер жедел қабылданып, функциялар орталық мемлекеттік органдармен қайталанбайды. Бүгінде Шэньчжэнь – Қытайдың көшбасшы қалаларының бірі, тіпті оны келесі ғасырдағы Қытай деуге болады, – деді Қанат Бозымбаев.

Ол Хайнань бұдан да кең өкілеттікке ие болып, сауда және инвестициялық хаб ретінде дамып жатқанын айтты.

Арнайы салық режимі және бір терезе қағидаты

Бозымбаев Алатау қаласына арнайы салық режимін енгізу мен инвестициялық қолдау шараларын жүзеге асыруға мүмкіндік беретін өкілеттіктер беру ұсынылып отырғанын жеткізді.

Оның айтуынша, бұл әсіресе инновациялық бағыттарды дамыту үшін маңызды. Атап айтқанда, 3000 метрге дейінгі әуе кеңістігін пайдалану мәселесі қарастырылып жатыр.

Өткен аптада аэротаксидің алғашқы демонстрациялық ұшулары өтті. Дубай тәжірибесіне сүйене отырып, біз барлық мемлекеттік қызметті, соның ішінде салықтық жеңілдіктер мен бизнес-лицензия беруді реттеу және әкімшілендіру үшін бір терезе қағидатын енгізуді жоспарлап отырмыз, – деді Премьер-министрдің орынбасары.

Ол бизнес-лицензия іс жүзінде инвестор мен мемлекет арасындағы келісімге айналуы керек екенін түсіндірді. Онда жұмыстың негізгі шарттары бекітіледі.

Инвесторларға ұзақмерзімді кепілдік қажет

Бозымбаев инвесторлар үшін ұзақмерзімді ережелердің маңызын да ерекше атап өтті. Оның сөзінше, Алатау қаласының стратегиялық құжаттары үнемі қайта қаралмауы керек.

Біз ұзақмерзімді мастер-жоспарды бір рет жасағымыз келеді. Сингапурдың Surbana Jurong компаниясы әзірлеген қазіргі бас жоспар негізінде мастер-жоспар белгілі бір түзетулер енгізеді. Бірақ ұзақ уақыт бойы өз пікірімізді қайта-қайта өзгерте бермеуіміз керек. Қала жоспарлы түрде дамуы тиіс, тек жекелеген нақты өзгерістерге ғана жол беріледі, – деді ол.

Премьер-министрдің орынбасары Alatau City негізінен жеке инвестициялар есебінен дамитынын айтты. Оның сөзінше, мемлекет көбіне әлеуметтік және базалық инфрақұрылымды қалыптастыруға қатысады.

Инвесторлар бізге сенуі керек. Ол үшін ұзақмерзімді кепілдіктер, түсінікті ойын ережелері және шешімдердің тұрақтылығы қажет, – дейді Бозымбаев.

Неліктен жаңа қалалардың бәрі бірдей табысты бола бермейді

Бозымбаев Үкімет тек сәтті мысалдарды ғана емес, жаңа қалалар мен арнайы аймақтарды құрудағы сәтсіз халықаралық тәжірибелерді де зерттегенін айтты.

Оның сөзінше, соңғы 10 жылда әлемде осындай мыңнан астам жоба жарияланған. Алайда олардың шамамен 60 пайызы сәтсіз болған.

Негізгі себептердің қатарында құқықтық және салықтық дербестіктің болмауы, шамадан тыс бюрократия, шешім қабылдаудың баяулығы, жер мәселелерінің шешілмеуі, инфрақұрылымды қаржыландырудың жеткіліксіздігі және институттардың тәуелсіздігінің әлсіздігі аталды.

Егер осы факторлар ескерілмесе, инвесторлардың қызығушылығы болмауы мүмкін. Сондықтан Алатау қаласының арнайы құқықтық режимі туралы Конституциялық заңды әзірлеу кезінде осы мәселелердің бәрі ескерілді, – деді ол.

Alatau City – Charter City форматына жақын жоба

Бозымбаевтың айтуынша, Мемлекет басшысы арнайы құқықтық мәртебе өз алдына мақсат емес, экономиканы жедел дамытуға қажет құрал екенін бірнеше рет айтқан.

Конституциялық заң аясында Алатау қаласында басқару, инвестиция, бизнес және инновация енгізу бағыттарын қамтитын арнайы құқықтық режим қалыптастыру жоспарланып отыр.

Біздің ойымызша, Алатау жаңа басқарушылық әрі инновациялық шешімдер сыналатын құқықтық және технологиялық алаңға айналады. Егер бұл тетіктер тиімділігін көрсетсе, кейін оларды кең көлемде қолдануға болады, – деді Премьер-министрдің орынбасары.

Ол халықаралық тәжірибеде мұндай жобалар Charter City деп аталатынын айтты. Үкіметтің жоспары бойынша, Alatau City бизнеске, инвестицияға және жаңа технологияларға арналған толыққанды экожүйеге айналуға тиіс.

Наверх