Алматы, BAQ.KZ. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымдары үнемді шамның жаңа түрін ойлап тапты. Инновациялық өнімнің басты артықшылығы – шамның нарықтағы құны төмен, жарық беру қуаты қарапайым шамға қарағанда үш есе күшті және адам денсаулығына тигізетін кері әсері жоқ.
Үнемді шам ҚазҰУ жанындағы Эксперименттік және теориялық физика ғылыми-зерттеу институтының Ашық түрдегі ұлттық нанотехнологиялық зертханасында жасалған.
Жоба авторлары – физика-математика ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Мерлан Досболаев, университеттің жас ғалымдары Сағи Оразбаев, Ерболат Үсенов, Алмасбек Өтегенов және Айзада Қожахметова.
Ғалымдардың айтуынша, шамды жасап шығару технологиясында айтарлықтай өзгеріс жоқ. Ең бастысы – энергияны үнемді пайдалануға басымдық беру және ресурстарды ұтымды әрі тиімді пайдалану.
Бұл инновациялық өндірістің басты ерекшелігі – люминесцентті шамдардың техникалық сипаттамаларын жақсартатын нанобөлшектерді қосу технологиясына негізделген. Ол үлкен шығынды қажет етпейді. Бұл технологияның Қазақстанда баламасы жоқ. Біздің өнімнің басты ерекшелігі мен жаңалығы осында. Энергия үнемдегіш шамның үлгілері барлық сынақтардан сәтті өтіп, арнайы сертификаттарға ие болды, – дейді жоба авторларының бірі Мерлан Досболаев.Бүгінде университеттің Эксперименттік және теориялық физика ғылыми-зерттеу институты жылына үш мың шамға дейін шығаруға қауқарлы. Шамдардың формалары мен үлгілері де әртүрлі. Ғалымдардың болжамынша, жылына 200 мың дана өнім өндіруге мүмкіндік бар.
Жоғары сапа, өнімнің нарықтағы құнының төмендігі мен шамның инновациялық компонентінің болуы – оның бәсекелік қабілетін арттырады, – дейді жоба авторлары.Идея авторларының бірі – ҚазҰУ-дың постдокторанты және институттың аға ғылыми қызметкері Сағи Оразбаев. Ол Франция, Германия, Венгрия, Жапония, Ресей, Беларусь елдерінің көптеген жетекші ғылыми орталықтарындағы ғалымдармен тығыз шығармашылық қарым-қатынас жасайды. Оның 100-ден аса ғылыми жұмысы шетелдік басылымдарда жарияланған. Сондай-ақ ол 4 инновациялық патент пен бір Еуразиялық патенттің иегері. Сағи Оразбаев Францияның Орлеан политехникалық университетінде ғылыми тағылымдамадан өткен. Ізденуші жаратылыстану ғылымдары саласындағы үздік жұмысы үшін жас ғалымдарға арналған Д. А. Қонаев атындағы сыйлықтың және талантты жас ғалымдарға арналған Ғылыми стипендияның және «ҚазҰУ-дың үздік жас ғалымы» дипломының иегері. Сондай-ақ бірнеше үздік жобалардың жеңімпазы.
Ал PhD доктор Алмасбек Өтегенов Вигнер атындағы Венгрия академиясында және Жапонияның Киото технологиялар институтында ғылыми тағылымдамалардан өткен. Бірнеше рет беделді халықаралық конференцияларда баяндамалар жасаған. Ол – жас ғалымдарға арналған Д. А. Қонаев атындағы сыйлықтың және талантты жас ғалымдарға арналған Ғылыми стипендияның иегері. Бірнеше өнертабыс патентінің авторы.
Айта кетейік, үнемді шамды шығарған Эксперименттік және теориялық физика ғылыми-зерттеу институты физиканың әртүрлі саласында ғылыми және ғылыми-техникалық зерттеулер жүргізеді. Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды атқаруда үлкен тәжірибелері бар институт қызметкерлері 500-ден астам патент пен авторлық куәліктердің авторлары. Институт жаратылыстану ғылымдары саласындағы іргелі және қолданбалы зерттеулер бойынша белсенді жарияланымдар жағынан да үнемі алдыңғы орында.