Козачков ісі. Қазақ қоғамы екіге жарыла ма ?

19 Желтоқсан 2022, 13:19
1211
Бөлісу:
Козачков ісі. Қазақ қоғамы екіге жарыла ма ?

Кеше белгілі журналист Михаил Козачков ұсталды, деп жазады BAQ.KZ тілшісі. 

Агенттік таратқан мәліметке сәйкес, Козачков «Қоспаевтың ұйымдасқан қылмыстық тобына рейдерлік басып алулар жасауға көмектескен» деген күдікке ілініп отыр.

Қоспаев пен оның сыбайластары танымал кәсіпкерлердің бизнесін тартып алуы теріс қоғамдық резонанс тудыратынын түсініп, Козачковтың қызметтерін рейдерлік басып алу құрбандарына ақпараттық шабуыл жасау мақсатында пайдаланды. Өз кезегінде, Козачков құқық қорғау органдарында көп жылдық тәжірибесі бар досы Бурхан Жансейітовты ірі көлемдегі сыйақыға ҰҚТ мүшелеріне сыбайластық жасауға тартты. Соңғысы өзінің бұрынғы байланыстары арқылы ҰҚТ қажеттіліктері үшін, сонымен қатар кейін жариялауға арналған айыптайтын ақпараттарды жинады. Сонымен қатар, Жансейітов Козачковқа Телеграмм-каналын модерациялауға көмектесті, атап айтқанда, журналистің жарияланымдарының астына ҰҚТ басқа мүшелерімен бірігіп, комментарийлер орналастыру арқылы қоғамдық пікір қалыптастырды. Посттарға жағымсыз пікірлер қалдырған жазбаларды өшіріп, пайдаланушыларды бұғаттап отырған, - делінген агенттіктің хабарламасында.

Тергеу барысында Жансейтов пен Козачковтың өз қызметтір үшін ҰҚТ мүшелерінен 52 млн теңге сыйақы алғаны дәлелденді деп ақпарат таратады.

Кәсіпкер Әбдіғаппаровтың шешесі Жүнісбековаға тиесілі «Есентай сити» жобасындағы үлесті рейдерлік басып алу пиғылын іске асыру үшін Козачков Әбдіғаппаровтың беделін түсіретін бірқатар мақала жариялады. Бұл ретте журналист "Бұқаралық ақпарат құралдары туралы" заң талаптарын өрескел бұзды, өйткені кейбір жағдайларда ол көрінеу жалған мәліметтерді, сондай-ақ банктік, отбасылық және басқа да заңмен қорғалатын құпияға қатысты деректерді таратты. Осы жылдың сәуір айында кәсіпкер Абдуллаев Қоспаевтың ҰҚТ мүшесі – Шалин Руслан тарапынан шыны ыдыстар шығаратын зауытты рейдерлік басып алу фактісі туралы жұртшылыққа жүгінді, олар заңды меншік иесін басқарудан шеттетуге тырысты. Жолға қойылған схема бойынша, ҰҚТ мүддесі үшін әрекет ете отырып, Козачков зауыт иесінің беделін түсіретін бірқатар мақалалар жариялады. Бұл ретте Алматы облысы тұрғындарының алкоголь өнімімен улануы және жәбірленушінің қасақана кісі өлтіруге қатысы бар екендігі туралы көрінеу жалған мәліметтер таратылды, - делінген хабарламада.

Ақпарат тарай сала Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі журналиске қатысты пікір білдірді. 

Әріптесіміз Михаил Козачковқа қатысты жағдайдан ҚР Қаржы мониторингі агенттігінің ақпараты арқылы хабардар болдық. Жағдай министрліктің жіті қадағалауында. Қазір тергеу жұмыстары жүріп жатқандықтан, бұған қатысты қандай да бір пікір айтып, баға беруге ерте. Дегенмен ол объективті жүреді деп сенеміз, – деп жазды министр Facebook-тегі парақшасында.

Журналистің істі болуына қатысты желі қолданушыларының пікірі екіге жарылды. Бірі кінәсі бар деп жазса, енді бірі жала жабылды деп отыр. 

Журналис Ришат Асқарбекұлының пікірінше, Михаил Козачков мәселені жетер жеріне жеткізіп жазуымен және кәсіпқойлығымен ерекше журналист.

Шындығында әділдік іздеген көпшілік Козачковты іздейтін. Ең соңғы инстанциядан жеңілгенде осы журналистке жүгінуге, қанша сұраса да төлеуге дайын тұрады екен дегенді құлағымыз шалатын.Козачков соңғы уақыттары құқық қорғау саласына қатты шүйлікті. Әсіресе сот жүйесіндегі әділетсіздіктер туралы сериялы мақалалалары мықты еді. Билік органдары да іштей санасатын журналист қателеспесем, Нұрсейіт Жылқышыбайға берген сұқбатында ақшаға тапсырыс орындамаймын, деген болатын. Соңғы екі аптада оның ізіне түскендер журналистің Алматыдағы элиталы аудандарда пәтерлері бар деп жазды. Ол өзің телеграм каналында дүние-мүлкінің қайдан келгені туралы да жауап берді, - деді ол. 

Десе де үлкен ойындарға араласып жүргендіктен, өте қырағы болуы керек пе еді?! Дейді Асқарбекұлы. 

Макс Фрай деген атпен танымал жазушы былай дейді:  «Человек всегда расслабляется и теряет бдительность, выяснив, что запланированная неприятность случится не прямо сейчас, а немного попозже…» Адам босаңсып, қырағылықты жоғалтқанда, ақша немесе адалдық жолынан тез тайдыратын әрекеттерге көз жұмып, бара береді. Бұл әсіресе мемлекет қаржысын ұрлайтын шенеунік атаулыға тән құбылыс. Күндердің күнінде бармақ тістеп, бәрі де кеш екенін ұғып жатады. Слив, дереккөз, тексерілгені бар, тексерілмегені бар ақпарат ағынының ішінде жүру- басты қауіп-қатерге тігумен тең. Михаилдың белшеден былыққа батқан қылмыстық топтың арбауына түскені өкінішті. Ресми органдардың кеше таратқан ақпаратына қарағанда, лас тірлікке араласқаны опық жегізіп отыр. Сондықтан ақталып шықса деп тілейміз! Ол жұмыс істейтін «Время» газетінің редакциясы журналистің ұсталуына орай пікір білдірді. Михаил әр материалын факт және дәлелдермен шегелеп жазатын, сондықтан іс әділ тергелуі керек, депті. Бәрі сәтімен болғай!, - деді журналист.

Заңгер Ләззат Ахатова егер азамат қандай іспен ұсталса, демек оған негіз бар екенін жазды. 

Осы мен бірнәрсеге түсіне алмаймын. Біреу ұсталса, неге тергеу жұмыстарына мұрындарын тығып, анық-қанығына көз жеткізбей жатып, «Свобода Пәленшееву, Түгеншеевой»  деп, бес тиындарын қыстырып кетеді, елдің бәрі? Елдің бәрі тегіс прокурор, қорғаушы немесе сот деп ойлап қаласың, сондай кезде. Ұсталды ма, демек негіз бар. Органдар ойнап жүр ме, қой бағып жүр ме? Әркім өз жұмысын жасап жүр. Неге тергеу ісіне араласып кетеміз, ұрандатып? Жақсы адам шығар, араласқан шығарсыздар. Керемет кәсіби маман шығар. Бірақ көзі әдемі екен, мінезі әдемі екен деп, заңға қайшы істеген әрекеттеріне көз жұмып, таныстары айтып жатыр деп, құқықтық жауаптылықтан босата салмайтын шығар? Қорғаушылары басы-қасында жүріп, материалдарды зерттеп, органдар тарапынан кеткен заң бұзушылықтар туралы мәлімдеме жасап жатса, бөлек әңгіме, - деді маман. 

 Оның айтуынша, құқықтық зайырлы мемлекеттің азаматтары мұндай процесті түсінуі керек. 

Козачков ұсталыпты. Сыбайластарымен бірге. Бопсалауға қатысқан. Соған қатысты ұрандарды көріп, кеп қалған ой ғой. Жалпы, ел алдында жүрген танымал деген блогерлердің ішінде бопсалауға қатысатындары аз емес. Әсіресе атағына малданғандар үлкен тапсырыстар орындайды. Белгілі бір лауазым иелерін орындарынан кетіру үшін, ел алдындағы абыройын төгу үшін. Қазіргі қоғам белсенділерінің көбі осы бағытта жұмыс істейді. Сондайларды қолдап жүрген жоғарыдағы «қолдаушылары» ақиқат ашылғанда, өздеріңіз ұялып немесе жауап беріп қалмасаңыздар болды, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы