«ҚазМұнайГаз» не «ҚазТрансГазды» IPO-ға шығарудың маңызы зор – Президент

1 Шілде 2021, 20:52
1729
Бөлісу:
«ҚазМұнайГаз» не «ҚазТрансГазды» IPO-ға шығарудың маңызы зор – Президент

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жиын барысында «Астана» халықаралық қаржы орталығының 2020 жылы атқарған жұмыстары қорытындыланды, сондай-ақ, оны әрі қарай дамыту жөніндегі ұсыныстар қарастырылды.
 

Бұл туралы Ақорда хабарлады. 
 

Іс-шараға қатысушылардың баяндамасын тыңдаған Қасым-Жомарт Тоқаев қаржы орталығын одан әрі дамытудың бірқатар өзекті міндеттерін белгілеп берді.

Атап айтқанда Президент АХҚО биржасындағы компанияларды тиімді жекешелендірудің маңызды екенін атап өтті. Сонымен қатар бұған дейін қабылданған Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарына назар аударды. Онда 600-ге жуық мемлекеттік активті бәсекелестік ортаға салудың мерзімі мен жолдары айқындалған.   

Қаржы орталығын дамыту барысында бірқатар ірі компанияны, атап айтқанда, «Қазмұнайгазды», мүмкін «Қазтрансгазды» да IPO-ға шығарудың маңызы зор. «Самұрық-Қазына» қорына қарасты ірі компаниялар IPO-ға шығаруда басымдыққа ие екені сөзсіз. Отандық қор алаңдарының әлеуетін барынша пайдалана отырып, «Халықтық IPO» өткізуді қолдаймын, – деді Мемлекет басшысы. 

Қасым-Жомарт Тоқаев АХҚО биржасына мемлекеттік бағалы қағаздарды шығару туралы ұсынысты қолдады.

Бұл бастама қазір жұмыс істеп жатқан инвесторды қазақстандық бір алаңнан екінші алаңға жай ауыстыру болмауға тиіс. Керісінше «қосымша құн» қалыптасуы керек. Орталықтың міндеті – мемлекеттік қағаздарды орналастыру үшін барынша тиімді жағдай жасалуын қамтамасыз ету, – деді Президент.   

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев АХҚО-ның лицензиясына ие компаниялардың еліміздегі бүкіл қаржы нарығына қол жетімділігін қамтамасыз ету жөніндегі ұсынысты қолдады. Оның пікірінше, қаржы жүйесінің тұрақтылығына төнетін қауіп-қатерлерді талдап, баға беру керек.

Бәсекелес реттеуші режимдер проблемасының және бірыңғай реттеушінің, яғни жауапты мемлекеттік органның болмауы мәселесінің алдын алған жөн. Қаржылық, фискальдық және валюталық заңнамада шикілік болмауға тиіс. Әйтпесе, сол арқылы бақылауға алынбаған капиталдың елімізден жылыстатылуы мүмкін, – деді Президент. 

Отырысты қорытындылай келе, Президент «Астана» халықаралық қаржы орталығының 2020 жылы атқарған жұмыстарының есебін бекітіп, Үкіметке, Ұлттық банкке және басқа да мүдделі органдарға үш ай мерзім ішінде айтылған бастамалар бойынша келісілген ұсыныстар енгізуді тапсырды.  

«ҚазМұнайГаз» не «ҚазТрансГазды» IPO-ға шығарудың маңызы зор – Президент


 

АХҚО-ның дағдарыстан кейінгі қайта қалпына келтіру кезеңіндегі маңызды рөліне тоқталған Қасым-Жомарт Тоқаев, аталған алаңның барлық әлеуетін пайдалану қажеттігін атап өтті. Бұл Орталық, Ұлттық банк, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі арасындағы жүйелі әрі үйлесімді іс-қимылдарды жолға қоюды қажет етеді.  

Тек бірлескен күш-жігер ғана алға қойған мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл Қазақстанның одан әрі дамуы үшін аса маңызды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Президенттің пікірінше, АХҚО Орталық Азия аймағындағы жетекші қаржы орталығына айналған.

Біздің ортақ міндетіміз – Орталықтың әлеуетін толық пайдаланып, оның аймақтық және жаһандық деңгейдегі ауқымын кеңейте түсу, – деді Мемлекет басшысы. 

Жиын барысында Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы, АХҚО басқарушысы Қайрат Келімбетов, Қазақстан Президентінің экономикалық даму жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі, Реформалар жөніндегі кеңес төрағасының орынбасары Сэр Сума Чакрабарти, Ислам даму банкі тобының президенті Бандар Хаджар, Citigroup банкінің үкіметтер мен мемлекеттік секторы жаһандық блогының басшысы Джули Монако, G30 тобы Қамқоршылар кеңесінің төрағасы Джейкоб Френкель және АХҚО-ның бірқатар институтының жетекшілері баяндама жасады.



 

Өзгелердің жаңалығы