Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Казино, есірткі, БАД-тар: Сенатор жарнамаға тыйым салуды ұсынды

Бүгiн, 15:12
161
Бөлісу:
 pixabay
Фото: pixabay

Сенатор Геннадий Шиповских депутаттық сауалында әлеуметтік желілерде агрессивті сипаттағы жарнаманың жылдан жылға күшейіп бара жатқанын көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, соңғы уақытта әлеуметтік желідегі жарнаманың тек саны ғана емес, әсер ету тәсілі де айтарлықтай өзгерген. Әсіресе блогерлер мен инфлюенсерлер, мәдениет пен спорт саласындағы танымал тұлғалар арқылы түрлі тауарлар мен қызметтер, сондай-ақ «инвестициялық жобалар» белсенді түрде насихатталуда. Көпшілік олардың сөзіне сенетіндіктен, мұндай жарнаманың ықпалы да жоғары.

Сенатор мұндай контент азаматтардың қаржыға қатысты шешім қабылдауына, тұтынушылық таңдауына, тіпті денсаулығына да тікелей әсер ететінін атап өтті.

Оның сөзінше, әлеуметтік желілерде қаржылық жобаларға қатысуға шақыратын жарнамалар жиі кездеседі. Кейін тексеру барысында олардың қаржы пирамидасы екені анықталып жатады. Бұдан бөлек, күмәнді инвестициялық және құрылыс жобалары, сапасы төмен немесе денсаулыққа зиян келтіруі мүмкін тауарлар да ашық түрде жарнамалануда.

Әлеуметтік желілерде азаматтардың еркінен тыс есірткіге, жезөкшелікке, онлайн-казиноға, порнографиялық сипаттағы контентке немесе жасанды интелект арқылы танымал тұлғалардың бейнесімен акция сату сынды жарнамалардың шыға беруі. Әлеуметтік желіде бір рилс көріп отырған адам аяқ астынан осындай контентке тап болады. Мұндай жағдайда мемлекет жүргізіп жатқан алдын алу, тәрбие және түсіндіру жұмыстарының тиімділігі қаншалықты болмақ? Бұл күрес «тесік шелекке су құйғанмен» бірдей болып қалмай ма? - деді Геннадий Шиповских.

Сенатор сондай-ақ медициналық білімі жоқ адамдардың әлеуметтік желілерде дәрі-дәрмек, арықтауға арналған құралдар мен иммунитетті күшейтетін түрлі қоспаларды жарнамалап, еркін таратып жүргеніне алаңдаушылық білдірді. Оның айтуынша, мұндай өнімдер көп жағдайда «табиғи» әрі «қауіпсіз» деп ұсынылады. Алайда олардың адам денсаулығына келтіретін ықтимал зияны үшін кім жауап беретіні нақты айқындалмаған күйінде қалып отыр.

Meta, TikTok және өзге де платформалармен бірлесіп, Қазақстан аумағында тыйым салынған және қоғамға қауіпті жарнамалардың алгоритм арқылы таралуына жол бермеу бойынша нақты келісімдерге қол жеткізуді ұсынамын. Есірткі, жезөкшелік, онлайн-казино және порнографиялық сипаттағы пайда болатын жарнамалардың таралуын автоматты түрде анықтап, жедел бұғаттайтын нақты бақылау механизмдерін енгізу керек. Медициналық білімі жоқ тұлғалардың адам денсаулығына тікелей әсер ететін өнімдерді жарнамалауына шектеу қою, ал мұндай жарнаманың салдарынан азаматтардың денсаулығына зиян келген жағдайда, өнімді жарнамалаған тұлғаның да жауапкершілігін қарастыру керек, - деді сенатор.

Өзгелердің жаңалығы