Қазан айында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері бағасының өсуі баяулады

30 Қазан 2021, 12:14
131533
Бөлісу:
Қазан айында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері бағасының өсуі баяулады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Премьер-министр Асқар Мамин Үкіметтің цифрлық кеңсесінде орталық мемлекеттік органдар басшыларының және өңірлер әкімдерінің қатысуымен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының (ӘМАТ) бағасын реттеу мәселесі бойынша кеңес өткізді.

Бұл туралы Премьер-министрдің баспасөз қызметі хабарлады.

Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов, ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин және т. б. қазіргі жағдай мен атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. 

Өткен аптада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсуі 0,1% құрады. Бұған жұмыртқа бағасының 0,7%-ға және қырыққабат бағасының 0,8%-ға қымбаттауы әсер етті. 

Сонымен қатар пияз (-0,9%), қарақұмық жармасы (-0,6%), сиыр еті мен рожки (0,1%) бағасының төмендеуі байқалады. Сүзбе, сәбіз, күнбағыс майы, күріш және қант бағасы өзгерген жоқ. 

Жалпы, биыл қазан айында ӘМАТ бағасының динамикасы 2016-2020 жылдардағы осындай кезеңдегі орташа мәндермен (1%) салыстырғанда неғұрлым баяу қарқынын (0,7%) көрсетті. 

Өңірлерде «айналым схемасын» қаржыландыру 46,1 млрд теңгеге жетті. Нысаналы деңгей 92,2%-ға қамтамасыз етілді. 373 мың тонна әлеуметтік маңызы бар тауар сатып алынды, бұл өткен аптадағы көрсеткішпен салыстырғанда 22%-ға артық.

Үш айлық кезеңде ӘМАТ-пен қамтамасыз етілу ел бойынша 115,7% (аптасына +23 п.т.) құрайды. Бір апта ішінде қорлардың айтарлықтай өсуі Павлодар, Маңғыстау, Түркістан облыстарында тіркелді. 

Форвардтық сатып алу шеңберінде 2021 жылы 769,3 мың тонна өнімге, оның ішінде 684 мың тонна жұмсақ бидайға келісімшарт жасалды. Қазіргі уақытта «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» ҰК» АҚ-ға 442,8 мың тонна немесе келісімшарт жасалған көлемнің 57,5%-ы жеткізілді. 427,6 мың тонна бидай немесе сатып алынатын көлемнен 62,5%-ы жеткізілді. 

Өткен аптада Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Түркістан облысында тауық жұмыртқасын өткізушіге қатысты тергеу жүргізді. ӘМАТ-қа сауда үстемесін төмендету туралы өңірлік сауда желілерімен және күнбағыс майын ірі көтерме жеткізушімен монополияға қарсы комплаенстің 10 актісі жасалды. Жалпы, республика бойынша монополияға қарсы комплаенстің 135 актісі жасалды. 

Бағаның өсуі байқалған аймақтарда тауар нарықтарын сараптау аяқталып, тауық еті мен тауық жұмыртқасын өндірушілерге қатысты тергеу басталады.

Премьер-министр өңірлердің әкімдеріне «айналым» схемасын қаржыландыруды ұлғайту, өнімдер бойынша үш айлық қорларды ұсынылған көлемдерге дейін жеткізу, форвардтық сатып алу шеңберінде «Азық-түлік корпорациясы» ҰК» АҚ-ға астық жеткізу қарқынын арттыру жұмыстарын күшейтуді, сондай-ақ сауда субъектілерінің сауда үстемелерін асырып жіберу фактілеріне жедел ден қоюды тапсырды. 

Үкімет басшысы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын ұстап тұру және жалпы Инфляцияға қарсы ден қою шараларының кешенін тиімді іске асыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізудің маңыздылығын атап өтті.


Өзгелердің жаңалығы