Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2020 жылдың қазан айында ел тұрғындары екінші деңгейлі банктерден және банктік емес айырбастау пункттерінен жалпы салмағы 127,6 келі 3 066 өлшеуіш құйма сатып алды.
Бұл туралы Ұлттық банктің баспасөз қызметі хабарлады.
Алтын құймалардың бес түрі бар: 5, 10, 20, 50 және 100 г. Ең көп сатылғаны - 10 г құйма. Сатылған барлық құйманың ішіндегі оның үлесі 25%, яғни, 9 505 дана. Одан кейін 100 грамдық құйма – 8 524 дана (23%), 20 грамдық – 8 514 дана (22%), 5 грамдық – 6 667 дана (18%) және 50 грамдық құйма – 4 544 дана (12%), - делінген хабарламада.
Құймаларды сатып алу жағынан Алматы қаласы көш бастап тұр (сатылған құймалардың жалпы санынан 53%), одан кейін Атырау (13%), Нұр-Сұлтан (11%) және басқа өңірлер (23%) болды.
Кері сатып алуға жалпы массасы 3,2 кг 128 өлшеуіш құйма қабылданды. Алтын құймалар – инвестициялаудың сенімді құралы бола алады. Банктердің және банктік емес айырбастау пунктерінің клиентке «сол күні» ақша төлей отырып, құймаларды кері сатып алу мүмкіндігі – алтын құймалар нарығының өтімділігін қамтамасыз етудің негізгі факторы, - деп хабарлады банк баспасөзі.
Қазір алтын құймаларды Halyk Bank-тен, Еуразиялық Банктен, Jýsan Bank-тен, Банк ЦентрКредиттен, сондай-ақ банктік емес айырбастау пункттерінен сатып алуға және оларға кері сатуға болады.
Әрбір құйма қорғаныш элементтерімен жабдықталған (құймалардың бет жағы айнадай, микромәтін және бедерлі гурт), сонымен бірге құймаларды механикалық зақымданудан қорғайтын және қаптамасының ашылған-ашылмағанын тез анықтауға мүмкіндік беретін арнайы қаптамада шығарылады. Қорғаныш қаптамасы да құйма сапасының сертификаты саналады. Сондықтан құйманы ұқыпты сақтап, қаптамасын ашпаған дұрыс, - делінген банк хабарламасында.
Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі халық үшін тазартылған алтынның өлшемдік құймаларын сату және кері сатып алу бағдарламасын 2017 жылы іске қосты.