Қазалы ауданында ауылдық клуб ашылды

18 Желтоқсан 2020, 07:30
2340
Бөлісу:
Қазалы ауданында ауылдық клуб ашылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қызылорда облысында Тәуелсіздік мерекесіне орай Қазалы ауданында 150 орындық ауылдық клуб ашылды. Мәдени ошақ ұжымының алғашқы концертін тамашалауға арнайы барған аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова өнерпаздарды қолдау шаралары жан-жақты жүргізілетінін жеткізді, деп хабарлайды «Хабар 24».

2020 жылы құрылысы басталған 31 әлеуметтік нысанның 19-ы пайдалануға берілді. Олардың басым бөлігі шалғай елді мекендерде орналасқан.

Ақсуат ауылының тұрғындары 15 жылдай күткен өнер ордасында домбыра және қобыз үйірмелері өз жұмысын бастады. Сондай-ақ 30 мыңнан астам қоры бар кітапхана да алғашқы оқырмандарын қабылдады. Ақсуатта жалпы биыл бірнеше әлеуметтік нысан ел игілігіне берілген болатын.

Қазалы биыл алып құрылыс алаңына айналды. Аудан орталығында 4 пәтерлі 10 тұрғын үй салынып жатыр. Мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде де ауқымды жобалар қолға алынған. 

Бұның бәрі тәуелсіздік жемісі. «Нұрлы жер, Нұрлы жол, Жұмыспен қамту» жол картасымен биыл 9 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. Сонымен қатар 40 млрд теңгеге жуық 4 бағыттағы нысандар жөндеуден өтіп, қайта салынды немесе жаңа құрылыстар енгізілді. Халықтың тұрмыс-тіршілігіне байланысты осындай жұмыстар әрі қарай жалғасатын болады, – деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова. 

«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша да Қазалының ауылдары абаттандырылып, ажарлана түсті. Келер жылы Кәукей, Сарыбұлақ, Шәкен, Майдакөл және Лақалы ауылдарында мәдениет үйлері салынады. 

Өзгелердің жаңалығы