Қазақтың «Тақиялы періштесі» 85 жасқа толды

2 Желтоқсан 2020, 15:50
4566
Бөлісу:
Қазақтың «Тақиялы періштесі» 85 жасқа толды
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін облыс әкімі Амандық Баталов ардагер, белгілі актер Әлімғазы Райымбековті қабылдап, 85 жасқа толуымен құттықтады, деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Амандық Баталов Әлімғазы ақсақалдың өмірі мен шығармашылық жолының өнегелі екенін айта келе, «Тақиялы періште» фильміндегі рөлі арқылы бүкіл халық оны жақсы білетінін айтты. 

Қазақтың «Тақиялы періштесі» 85 жасқа толды

Індетке байланысты мерейтойыңызбен құттықтауды осындай шағын ортада өткізуге тура келді. Ең бастысы, біздің өзіңізге деген құрметіміз ерекше. «Тақиялы періште» фильміндегі рөліңіз арқылы бүкіл халық сізді жақсы біледі. Өзіңіздей азаматтың біздің Жетісу өлкесінің тұрғыны болғаны – біз үшін мақтаныш. Қашанда ақ жүрегіңізбен, қарапайым үлгіңізбен үлкендік қасиетіңізді көрсетіп, елге шынайы тілекші болып, батаңызды беріп жүресіз. Осындай еңселі қалпыңызда жүзге жетіңіз. Ұрпақтарыңыздың қызығын көріп, аман-есен жүріңіз. 85 жасқа толуыңызбен жұртшылықтың атынан құттықтаймын, - деп ізгі тілегін білдірген облыс әкімі ақсақалға құттықтау хатын беріп, иығына шапан жапты. 

Сол сияқты ардагердің зайыбы Гүлжауар апаға сый-сияпат көрсетті.

Қазақтың «Тақиялы періштесі» 85 жасқа толды

Әлімғазы ақсақал өзіне көрсетілген ыстық ықыласқа ризашылығын білдірді.

Қазақтың «Тақиялы періштесі» 85 жасқа толды

Күні кеше Тұңғыш Президент күні мерекесін атап өттік. Осы мерейлі мерекемен тұспа тұс келген мерейтойымды елеп, арнайы шақырып, сый-құрмет көрсетіп жатқандарыңа көп рахмет. Ел басындағы азаматтардың еселі еңбегіне халық риза. Көптің ішінде жүргенде естіп жүреміз. Осы бағытымыздан таймай, еліміз тыныш, жұртымыз бірлікте болып, осылай өсіп-өркендей берейік. Ең бастысы дендерің сау болып, биіктен биікке жете беріңдер, - деді Райымбеков.

Мұнан соң облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт және басқа да бірқатар ардагер сөз алып, мерейтой иесіне тілек білдірді.

Кездесуді қорытындылаған облыс әкімі Тұңғыш Президент күні мерекесі қарсаңында Елбасымен сөйлескенін айтып өтті.

Елдің жайын сұрап, өздеріңізге сәлем айтты. Облыстағы атқарылып жатқан игі істердің барлығына Елбасымыз бен Мемлекет басшысы қолдау көрсетіп отыр. Жетісу жерінің табиғаты да, климаты да жайлы, жерұйық мекен ғой. Бірақ біздің ең басты байлығымыз – өздеріңіз секілді азаматтарымыз. Сондықтан елдің, сіздердей үлкендердің алғысына бөленіп, батасын алайық. Алдымызда ақылшы болып ардагерлер аман жүрсін, - деді Баталов.
Айта кетейік, ҚР Мәдениет қайраткері, Алматы облысының құрметті азаматы Әлімғазы Райымбеков Шәкен Аймановтың әйгілі «Тақиялы періште» фильміндегі Тайлақ образымен қалың көрерменнің сүйіктісіне айналған еді.

Ол Алматы облысында 1936 жылы 1 желтоқсанда дүниеге келген. 

Актер 1965 жылы алғашқы Ән қанатында фильміне спорттық іс-шараларына шақырту алады. Кейіннен1966 жылы Қилы кезең фильміне түседі. 1968 жылы қазақ киносының алтын қорынан ойып тұрып орын алған Тақиялы періште кинофильміндегі Тайлақтың рөлін сомдайды. Осы кезден бастап жұртшылыққа кеңінен таныла бастайды. 1968 жылы Көгілдір такси фильміне түсті. Ал 1978 жылы Қан мен тер фильмінде эпизоттағы рөлді сомдаған. 1979 жылы Егер сіз он екі жасқа болғанда фильміндегі Қатештің әкесі рөлінде және т.б бас аяғы 12 кинофильмге түскен.

Қазір Әлімғазы ақсақал мен Гүлжауар екеуі мәпелеп өсірген 10 баласынан 20 немере, 7 шөбере сүйіп отырған ардақты отбасы.

Өзгелердің жаңалығы