Қазақстанның инвестициялық әлеуеті ШЫҰ Хатшылығында таныстырылды

2 Шілде 2021, 21:02
2703
Бөлісу:
Қазақстанның инвестициялық әлеуеті ШЫҰ Хатшылығында таныстырылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы (ШЫҰ) Хатшылығының алаңында экономиканың басым секторларындағы Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылды. Іс-шараны ШЫҰ Хатшылығы «China Overseas Development Association»-мен бірлесіп ұйымдастырды.

Іс-шараға ШЫҰ Бас хатшысы Владимир Норов, Қазақстан Республикасының ҚХР-дағы Елшісі Ғабит Қойшыбаев, Тәжікстанның ҚХР-дағы Елшісі Зохир Саидзода, дипломатиялық корпус және Бейжің қаласындағы ШЫҰ елдерінің сауда-экономикалық құрылымдарының өкілдері, сондай-ақ, 70-ке жуық Қытай кәсіпорнының басшылары мен өкілдері қатысты.

Бүгінгі таңда Орталық Азия елдері ШЫҰ кеңістігінде өзара тиімді ынтымақтастықта үлкен инвестициялық әлеуетке ие. Шетелдік инвесторларға адал шетелдік кәсіпкер мен инвесторды қорғауға, қолдауға, олардың қызметі үшін қолайлы жағдайлар жасауға баса назар аудара отырып, барынша қолайлылық режимі қолданылады, - деп атап өтті ШЫҰ Бас хатшысы Владимир Норов.

Өз кезегінде іс-шара барысында ҚХР-дағы KAZAKH INVEST Бас өкілі Қуаныш Амантай шара қатысушыларын Қазақстанның инвестициялық ахуалымен таныстырды. Өз сөзінде спикер шетелдік бизнестің Қазақстан аумағында инвестициялық жобаларды іске асыруға қызығушылығының артып келе жатқанын атап өтіп, ШЫҰ аясында белсенді екіжақты ынтымақтастықты орнатуға дайын екендігін білдірді.

ШЫҰ инвестициялық ынтымақтастықтың үлкен әлеуетіне ие. Экономикалық тұрғыдан алғанда, ұйым әлем халқының жартысына жуығын біріктіреді, ШЫҰ елдерінің ЖІӨ әлемдік ЖІӨ-нің шамамен 20% құрайды, сарапшылардың бағалауы бойынша бұл көрсеткіш 2030 жылы айтарлықтай арта түспек. Сонымен қатар, Орталық Азия елдері мен ШЫҰ -ның ірі елдері - Қытай, Ресей және Үндістан экономикаларының құрылымы өзара іс-қимылдың, оның ішінде инвестициялық ынтымақтастық саласындағы өзара іс-қимылдың қосымша әлеуетіне ие, - деп хабарлады Қуаныш Амантай.

Сонымен қатар дипмиссия басшыларының қатысуымен өткен іс-шара аясында қытайлық бизнес-құрылымдар мен Орталық Азия елдерінің өкілдерімен екі жақты ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады. «B2B» форматында өткен кездесу барысында «KAZAKH INVEST» АҚ өкілдігі екі жақты ынтымақтастықтың басым бағыттарын, сондай-ақ, болашақ бірлескен инвестициялық жобаларды және оларды іске асыру мүмкіндіктерін таныстырды.

 


Өзгелердің жаңалығы