Қазақстанның болашақ ұшқыштары Литвада білім алуы мүмкін

8 Қыркүйек 2021, 21:19
18194
Бөлісу:
Қазақстанның болашақ ұшқыштары Литвада білім алуы мүмкін

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР ИИДМ-де Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов Литва Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Гинтаус Васюлиспен және осы елдің бизнес өкілдерімен кездесті.

Кездесуде Қазақстан-Литва көлік ынтымақтастығының қазіргі жай-күйі мен перспективаларын талқыланды. Оның ішінде ҚР Азаматтық авиация академиясы (Академия) мен "Avia Solutions Group" мультисервистік авиациялық холдингі арасында оқу орталығын құру, сондай-ақ Академияны ұшқыштарды оқыту бойынша Еуропалық әуе қауіпсіздігі агенттігінің (EASA) сертификатын алуға дайындау мәселелері қаралды.

ИКАО және EASA заманауи талаптарына сай келетін білікті ұшқыштарды даярлау - еліміздің авиация саласының басым міндеті. Қазіргі заманғы авиасимуляторларда олардың дағдыларын жетілдіру шұғыл жағдайларда жедел шешім қабылдауын жақсартады. Бұл ұшу қауіпсіздігіне сөзсіз оң әсер етеді, - деп атап өтті министр.

Қазіргі уақытта Қазақстанның азаматтық авиациясында 20 мыңнан астам қызметкер, оның ішінде 1500-ге жуық ұшқыш және екі мыңнан астам инженерлік-техникалық маман жұмыс істейді. Салалық болжамдар бойынша, 2025 жылға дейін елімізге қосымша 500-дей ұшқыш, 1 мыңға тарта инженер қажет болады.
Өзгелердің жаңалығы