Қазақстанның үздік мемлекеттік қызметшілері анықталды

22 Маусым 2019, 19:15
2958
Бөлісу:
Қазақстанның үздік мемлекеттік қызметшілері анықталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бурабайда тұңғыш рет «Жас мемлекеттік қызметшілердің форумы өтті. Шара Жастар жылы аясында Мемлекеттік қызметкерлер күніне орай ұйымдастырлды. Жиынға мұрындық болған Кәсіподақтар федерациясы жастарға қолдауды күшейту мақсатында осындай шараларды өткізу айтырлықтай маңызды екенін атап өтті, деп хабарлады strategy2050.kz. 


«Біз Көкше өңірінде арнайы жас қызметкерлерімізге арналған  форум өткізіп жатырмыз. Ондағы басты мақсат - мемлекеттік қызметте жүрген жас мамандарымызға  үлкен қолдау көрсету. Өйткені, Нұр-Сұлтанда  республиканың барлық жас мемлекеттік қызметкерлері  қатысқан  байқауды аяқтадық. «Үздік мемлекеттік қызметші»  атағын алу үшін жас мемлекеттік қызметкерлер  жүйені қалай жақсартуға болады деген таныстырылымдарын алға тартты. Соның ішінде республика бойынша  50 адам іріктеліп, Нұр-Сұлтан қаласында арнайы байқаудан өтті. Оның  10-ы жеңіске жетіп, оларды, міне, марапаттап отырмыз. Үздік  ондыққа енбей қалған адамдардың барлығына мен өз атымнан алғыс дипломын жібердім. Себебі, біздің жастар шығармашыл, идеялары өте көп. Оларға қолдау көрсету керек», - деді Мемлекеттік  қызмет істері  агенттігінің төрайымы  Анар Жайылғанова.  
Қазақстанның үздік мемлекеттік қызметшілері анықталды

Сондай-ақ, ол жастардың идеялары мен ұсыныстары қаншылықты көп екеніне таң қалғанын жеткізді.
  
«Жыл сайын осы сынды байқауларды өткізуді дәстүрге айналдырмақпыз. Оған қатысуға барлық жастарды шақырамыз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев  2019 жылды Жастар жылы деп жариялады. Өздеріңізге белгілі, Президент Қ.Тоқаев арнайы  300 адамнан тұрат ын  президенттік резерв жасаймыз деді. Осындай идеяларымыз бар. Барлық жастарды қалай қолдаймыз? Олардың идеялары болса, әрі қарай мемлекеттік қызметтің дамуына үлес қосамыз десе, патриоттық сезімдерін Қазақстанның өркендеуіне үлес қосамыз десе, ондай жастарды әрдайым қолдауға тиіспіз», - деді ол. 
Қазақстанның үздік мемлекеттік қызметшілері анықталды
Сондай-ақ, Анар Жайылғанова мемлекеттік қызметтегі қызметкерлердің барлығына бірдей қолдау көрсетілетінін атап өтті.

«Бюджет, қаржы мәселесі бойынша да барлық жағдайды жасауға тырысамыз. Мүмкін, арнайы мемлекеттік емес ұйымдарды тартамыз, арнайы қаржы көздерін қарастыратын боламыз. Жастарды әрі қарай арнайы қолдау үшін осы сынды форумдар өткізу, арнайы тренингтер өткізу қажет. Себебі, күнделікті бір жұмысты ғана атқарып жүрген адамның сыни ойлау деңгейі төмен болады. Арнайы семинар мен шеберлік сыныптары  арқылы және дүниежүзілік тәжірибені оларға меңгертетін болсақ қана олардың ой-өрісі кеңейе беретін болады.Біз бұл жұмысты жалғастыратын боламыз. Әлеуметтік жағынан да қаржылық мәселенің мүмкіндігінше қолдау көрсететін боламыз», - деді А.Жайылғанова.

Үздік мемлекеттік қызметкерлер   байқауына қатысқандардың қарасы барлық өңірлерден жиналған. Солардың бірі Маңғыстау облысының мемлекеттік қызметкері Раушан Кесікбаева өзінің ұсынған жобасымен бөлісті.

Қазақстанның үздік мемлекеттік қызметшілері анықталды

«Бұл байқауға мен «Әлеуметтік бейімдеу» жобасын ұсындым. Қазіргі таңда мемлекет тарапынан түзеу мекемесінен босатылған, қоғамнан шеттетілген азаматтарды қолдау үшін, әлеуметке бейімдеу үшін көптеген шаралар қабылданған. Алайда, әлеуметтік тетіктер шыңына жетіп, жетілмегендіктен, ол тетіктер қазіргі уақытта толыққанды жұмыс істеп тұрған жоқ. Осы азаматтарды қоғамға бейімдеу, қоғамдағы қайта қылмыс жасау дәрежесін төмендету мақсатында мен өз тетіктерімді ұсынған болатынмын. Мысалы, ол кісілерді түзеу мекемесінің қабырғасында отырған уақытта дуалды біліммен қамамасыз ету. Дуалды біліммен қамтамасыз ету  дегеніміз оларға кәсіби білім бере отырып, өндірістік жұмысқа орналасуына  қолғабыс ету. Ал, түзеу мекемесінен босаған  уақытта азаматтар тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілетін болады», - деді Раушан Кесікбаева.

Сондай-ақ,  ол білім алу қазіргі озық технология мен цифрланған жүйелерді білу түзету мекемелеріндегі азаматтардың еңбек нарығында бәсекеге ие болу мүмкіндіктерін арттыратынын жеткізді.

«Ол әлеуметтік әлсіз топтардың біріне жататын, сотталған азаматтарды әлеуметке бейімдеуге, қоғамның толыққанды мүшесі болуына септігін тигізеді деген сенімдемін. Қазіргі замандағы мемлекеттік қызметкер кеңсеге байланып қалмай, әсіресе, әлеуметтік жағынан аз қорғалған топтармен бетпе-бет кездесіп, олардың мұң-мұқтажын жақтай білген, цифрлық технологиялармен достасатын азамат болуы кеерк. Адамды жақсы түсіне білетін және ең басты қасиеті қарапайымдылық деп ойлаймын», - деді ол.

Қазақстанның үздік мемлекеттік қызметшілері анықталды

Өз кезегінде аталмыш форумды ұйымдастыруға мұрындық болған Кәсіподақтар федерациясының өкілі өңірлер бойынша тұрғындарға көмек жиі көрсетілетінін жеткізді.

Кәсіподақтар федерациясы төрағасының  бірінші орынбасары Біржан Нұрымбетов  аталмыш шара Жастар жылы аясында   Мемлекеттік қызметкерлер күніне орай ұйымдастырылғанын айтты.

Қазақстанның үздік мемлекеттік қызметшілері анықталды

«Кәсіподақтар федерациясы қазіргі таңда еліміздегі ең ірі қоғамдық ұйымдардың бірі болып отыр. 2 млн-ға жуық мүшеміз бар. Оның 32 пайыздан астамы жастар болып отыр. Кәсіподақ жанында «Келешек» атты жастар кеңесі бар. Олардың өңірлік бөлімшелері кәсіподақтың, қоғамдық өмірдің жұмысына араласып жатқан жайлары бар. Осындай форумдарды өткізу жастар арасында Кәсіподақтың танымал болуына септігін тигізеді. Екінші жағынан, жас адамдар болған соң, жаңа идеялар мен креативтік жобаларды қабылдауға зор мүмкіндік туады. Үшіншіден, кез келген Кәсіподақтың миссиясы елдегі адамдардың мүддесі мен құқығын қорғау», - деді Б.Нұрымбетов.
Қазақстанның үздік мемлекеттік қызметшілері анықталды

Сондай-ақ, төрағаның бірінші орынбасары жастарға Кәсіподақ белсенді түрде қолдау көрсетіп отыратынын жеткізді.

«Медицина саласындағы жас мамандардың ауылға барып жұмыс істеуіне үлес қосқан болатынбыз. Оларға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп жатады. Біз болсақ, оларға материалдық көмек көрсетуді жөн көрдік. Қазір ауылға барып жұмыс істеймін деген медицина қызметкеріне 500 мың көлемінде сертификат енгіздік. Бүгінгі таңда  80 адам ауылға барып, еңбек етіп жатыр. Қазақстан бойынша  802 млн теңгеге осындай көмек көрсетілді. Сондай-ақ, ауылдағы тағы бір проблема тұрғын үй мәселесі екеніне көзіміз жетті. Ипотека,алғашқы жарнасына қаржы жетпей жатады. Кәсіподақ қыз меткерлерге  3  млн теңгеге дейін тұрғын үй сертификатын енгізіп, мамандардың көп бөлігі пәтерге ие болып жатыр. Сонымен қатар, кәсіподақ еңбек нарығында жастардың бейімделуіне де әрекет етеді», - деді ол.

Сондай-ақ, өңірлерде Кәсіподақ жұмысына белсенді араласқан мүшелер де марапатқа ие болды.

Айта кетейік, 1998 жылғы 20 қаңтардағы «Қазақстан Республикасындағы кәсiптiк және өзге де мерекелер туралы»  Қазақстан Республикасы Президентiнiң Жарлығына енгізілген өзгерістерге сәйкес 23 маусым Мемлекеттік қызметкерлер күні мерекесі болып жарияланды.

Қазақстанның үздік мемлекеттік қызметшілері анықталды

Қазақстанда мемлекеттік қызметкер күнін тойлау, мемлекеттік қызметтің беделін нығайтуға, ел Президентімен хабарланған кәсіптік мемлекеттік қызметтің – «халық пен мемлекетке қызмет ету ең бастысы» қағидасын дәріптеуге мүмкіндік береді, деп жазды strategy2050.kz.

Өзгелердің жаңалығы