Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстандағы 5 еңбек мигрантының 3-і Қытайдан, Үндістаннан немесе Ұлыбританиядан келген. Елдегі шетелдік жұмысшылар негізінен құрылыс саласында жұмыс істейді.
Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанының соңында Қазақстанда жұмыспен қамтылған халық саны 8,78 млн адамды құрады. Бұл 2020 жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда 0,1%-ға аз. Бұған дейін үш жыл қатарынан бұл көрсеткіш өсу аймағында болды.
Халықтың жартысына жуығы сауда және автожөндеу (1,46 млн адам), ауыл, орман және балық шаруашылығы (1,15 млн адам), білім беру (1,12 млн адам) және құрылыс (630,76 мың адам) салаларында жұмыс істейді.
Ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын республикаға шетелдік мамандарды тартуға квота белгілейді. 2021 жылы шетелдік жұмыс күшін (ШЖК) тартуға квота жұмыс күшіне 0,31% мөлшерінде белгіленді.
Қазақстанда еңбек қызметін жүзеге асыратын ШЖК саны ағымдағы жылдың мамыр айының басында 15,4 мың адамды құрады, Бұл өткен жылға қарағанда 18,2%-ға аз (18,9 мың адам).
ШЖК-ның жартысынан астамы тек 5 елге тиесілі: Қытай (3,7 мың адам), Өзбекстан (1,7 мың адам), Түркия (1,6 мың адам), Үндістан (1,1 мың адам) және Ұлыбритания (930 адам). Өткен жылдың мамыр айының басында ҚР-дағы еңбек мигранттарының негізгі бөлігі осы елдерден болды.
Ағымдағы жылы ШЖК тартуға рұқсаттардың ішінде келесілер бар: бірінші санат бойынша 650 рұқсат (басшылар және олардың орынбасарлары), екінші санат бойынша 3246 рұқсат (құрылымдық бөлімшелердің басшылары), үшінші санат бойынша 7511 рұқсат (мамандар), төртінші санат бойынша 488 рұқсат (білікті жұмысшылар). Сондай-ақ маусымдық жұмыстарға 1723 адам, ал корпоративтік ауысу аясында 1825 адам тартылды.
Елдер мен экономикалық қызмет түрлері бойынша тек өткен жылғы ғана деректер бар. 2020 жылдың мамыр айының басында шетелдік қызметкерлердің басым бөлігі құрылыс саласында (8,2 мың адам), сондай-ақ әкімшілендіру және қосалқы қызмет көрсету саласында (2,8 мың адам) және тау-кен өндіру өнеркәсібінде (1,9 мың адам) жұмыс істеді.
Елдер бөлінісінде Қытайдан, Түркиядан және Үндістаннан келген еңбек мигранттары негізінен құрылыс саласында; Өзбекстаннан келгендер - ауыл, орман және балық шаруашылығы саласында, Ұлыбританиядан келгендер - әкімшілік және қосалқы қызмет көрсету саласында жұмыс істейді екен.