Қазақстандықтар оқу ақысын төлеу үшін 22 млрд теңгеден астам қаржы жинаған

5 Қараша 2021, 12:30
1020
Бөлісу:
Қазақстандықтар оқу ақысын төлеу үшін 22 млрд теңгеден астам қаржы жинаған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл сома «AQYL» білім беру депозиті» жобасына қатысушы банктерде ашылған 15,7 мың депозиттен құралып отыр. Бұл туралы БҒМ «Қаржы орталығы» АҚ баспасөз қызметі хабарлады.

​«AQYL» мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі Қазақстанда 2013 жылдан бері жұмыс істейді.  Ол республиканың кез келген азаматына өз атына немесе баласына білім беру жинақтау депозитін ашуға мүмкіндік береді. 

Салым тек бір мақсатқа ғана арналуы тиіс: жинақталған қаражат Қазақстанда немесе шетелде оқу ақысын төлеуге жұмсалуы керек.

Бүгінгі таңда республика бойынша жобаға қатысушы банктерде жалпы сомасы 22,4 млрд теңгеге 15 711 депозит ашылды (Халық банкі – 10 170 депозит, Жусан банкі – 4 057 депозит, Нұрбанк – 1154, Forte Bank – 305 депозит, ВТБ – 25 депозит), - делінген хабарламада.

7,5 млрд теңгеге тағы 6 063 депозит қазірдің өзінде өз мақсатына игерілді. Оның ішінде 254 салымшы жиналған қаражатты шетелге білім алуға пайдаланған.

Қаржы орталығында атап өткендей, депозит ашқан жағдайда 9% банктік сыйақыдан басқа салымдар бойынша мемлекеттік сыйақы есептеледі. Мемлекеттік сыйлықақы мөлшері жылына 5%, халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 7% құрайды, - делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта білім беру депозитін ашуға болатын «AQYL» мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесіне қатысушы банктер:

- «Қазақстан Халық Банкі» АҚ, сыйақы мөлшерлемесі 9;

- «Жусан Банкі» АҚ, сыйақы мөлшерлемесі 8,3%;

- «ВТБ» банкі, сыйақы мөлшерлемесі – 8,8%;

- «Нұрбанк» АҚ, сыйақы мөлшерлемесі – 9%.

Жобаның тағы бір артықшылығы – жинақтау мерзімін, жинақ көлемін және салымдардың жиілігін өз бетінше анықтау мүмкіндігі. Бұл салымшы қаражатын өзіне ыңғайлы кез келген уақытта және оған қолжетімді кез келген сомада толықтыра алатынын білдіреді.

​Білім беру депозиті бойынша салымшылар тізімі шектелмейді, яғни, кез келген қалада, депозит ашылған кез келген банк бөлімшесінде оны кез келген үшінші тұлға толтыра алады.

Ақылы негізде оқуға қабылданғаннан кейін салымшы депозит ашылған банкке ЖОО-мен келісімшарт ұсынады. Банк салымшының шотынан оқу ақысын тікелей білім беру ұйымына аударады.

Егер оқудың барлық мерзімін төлегеннен кейін депозитте қаражат қалса немесе грант иесі атанса, салымшы оларды өз қалауынша пайдалануға құқылы.

Егер бала грантқа қабылданса, салымшы құқылы:

1) қаражатты жинақтауды жалғастыруға;

2) ҚР азаматы болып табылатын үшінші тұлғаның білім беру жарнасына ақша аударуға;

3) білімнің басқа деңгейлеріне (магистратура) ақы төлеуге пайдалануға;

4) барлық қаражатты банк сыйақысымен және мемлекет сыйлықақысымен бірге алып, басқа мақсаттарға пайдалануға.

Бұл депозит Қазақстандық депозиттерге кепілдік беру қорымен (лимиті 10 000 000 теңгеге дейін) сақтандырылған және мемлекеттік органдар тарапынан кез келген шектеулер енгізуден заңмен қорғалған.

Өзгелердің жаңалығы