Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан Түркиямен коронавирусқа қарсы QazVac вакцинасын шығару мүмкіндігі туралы келіссөздерді жалғастыруда.
Бұл туралы бүгін ДСМ медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаментінің басшысы Нұрлыбек Асылбеков онлайн брифингте мәлімдеді.
Отандық вакцинаның өндірісі БҒМ Ғылым комитетінің Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институты (ҒЗИ) жанындағы биофармацевтикалық зауытында басталады. Сәуір айының соңына дейін вакцинаның 50 мың дозасы жеткізіледі деп күтілуде. Әрі қарай жоспарға сәйкес ғылыми-зерттеу институтының күш-қуатына байланысты, - деді ол.
Спикер қазір Түркияда Atabay компаниясымен қосымша көмек көрсету бойынша келіссөздер жүргізіліп жатқандығын жеткізді.
QazVac шығару мүмкіндігі туралы келісімге қол жеткізілді. Келіссөз әлі аяқталған жоқ, - деді ол.
Департамент басшысының айтуынша, бүгінде Түркияда субстанциялардың берілуі және вакцина көлеміне байланысты технологиялық жүйелер зерттелуде.
Қазір 100 пайыздық келісім жоқ. Түбегейлі жоқ демейміз, мәселе пысықталуда. Уәкілетті органнан көбірек ақпарат алу керек, - деді спикер.
Журналистер одан қазақстандық вакцина өндірісінің өнеркәсіптік деңгейге қашан көшетінін және қазақстандық вакцинаны түрік компаниясында шығару қашан басталатынын нақтылауды сұрады.
Қазір келіссөздер жүргізілуде, субстанциялардың берілуінің технологиялық жүйесі мен вакцинаның көлемі бойынша зерттеу жүргізіліп жатыр. Қазір 100 пайыздық келісім жоқ. Бұл туралы уәкілетті органнан ақпарат алу керек, - деді ол.Еске салсақ, ДСМ вакцина жеткізу бойынша қандай компаниялармен келіссөздер жүргізіліп жатқанын айтты.
Раушан АРМАНҚЫЗЫ