Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Италияның Бари қаласында пара таэквондошылар арасында Еуропаның VIII чемпионаты өтті.
Қазақстандық спортшылар Нұрлан Домбаев (75кг) к43 категориясы бойынша және Мәлік Мұқашев (75кг) к45 категориясы бойынша алтын медаль алды.Нұрлан Домбаев турнир қорытындысына сәйкес Токиода 2020 жылы өтетін Паралимпиада ойындарына жолдама алды. Сонымен қатар, Нұрлан өз салмағында пара таэквондошылар арасында көш бастап тұр. Осы жылдың ақпан айында спортшымыз Анталияда өткен әлем чемпионатында "алтын" жүлде, Африканың ашық чемпионатында күміс медаль және Азия чемпионатында алтын медаль алған болатын.
Мәлік Мұқашев әлемдік рейтингте 6-орында тұр. Бірақ Токио-2020 пара ойындарына тек к43 және к44 категориялары қатысады. Мәліктің категориясы сәйкес келмегендіктен жазғы пара ойындарға қатыса алмайды.
Айта кетсек, Еуропа біріншілігінде Қазақстан намысын қорғауға аталған екі спортшыдан бөлек Нышан Жұмағали және Нысанбек Айдарбеков қатысты. Өкінішке қарай, екеуі де жартылай финалға шығарда қарсыластарына жол берді.
Еуропа чемпионаты ашық жарыс статусына ие болғандықтан, Еуропадан бөлек АҚШ, Жапония, Оңтүстік Корея т.б. елдердің мықты спортшылары қатысты.
Пара таэквондо тарихта алғаш рет жазғы паралимпиада ойындарының бағдарламасына қосылды. Сондықтан біздің басқа пара таэквондошыларымызды да Токиодағы жарысқа жолдама алады деген үміттеміз.