Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстандық оқушылар Математика пәнінен өткен халықаралық олимпиадада (IChO-2021) 4 медаль жеңіп алды, деп хабарлайды ҚР БҒМ баспасөз қызметі.
Ұлттық құраманың қоржынында үш күміс және бір қола бар. Олимпиада Жапонияның Осака қаласында 24 шілде мен 2 тамыз аралығында онлайн форматта өтті. Зияткерлік жарысқа әлемнің 79 елінен 312 оқушы қатысты.
Қазақстанның атынан Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды және Павлодар қаласынан төрт оқушы, яғни республикалық пәндік олимпиаданың жеңімпаздары қатысты. Ұлттық құраманы жарысқа тәжірибелі педагогтер мен жаттықтырушылар дайындады.
Теориялық тапсырмаларды жоғары деңгейде орындаған қазақстандық қатысушылардың барлығы жүлдегер атанды. Қайырбек Хайдар, Бисенали Санжар, Қасымали Мадияр күміс, Тұрыспекова Әйгерім қола медальға ие болды.
Ұлттық құрама мүшелері оқу-жаттығу жиындары кезінде сапалы жұмыс жүргізген мұғалімдер мен жаттықтырушыларға алғыс білдірді.
Барлық қатысушылар химия пәнінен ең маңызды олимпиадаға мұқият дайындалды. Біздің күш-жігеріміздің ақталғанына қуанышымыз шексіз. Жоғары деңгейде өтіп жатқан ауқымды жарыс болғандықтан, тапсырмалар да қиын болды. Бірақ біздің құрама оған дайын еді. 3 күміс және 1 қола медаль жеңіп алдық. Бізді әрдайым қолдайтын жаттықтырушыларымызға, мұғалімдеріміз бен ата-аналарымызға алғысымыз шексіз, – деді күміс медаль иегері Қайырбек Хайдар.
ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов өзінің Facebook парақшасында барлық қатысушыларды жеңістерімен құттықтады.
Олимпиадаға қатысушыларды жоғары жетістіктермен құттықтаймын! Сіздер дайындықтарыңыздың мықты екенін көрсеттіңіздер. Әр медаль сіздердің қажырлы еңбектеріңіз бен жеңіске деген ұмтылыстарыңыздың нәтижесі. Сіздерге жаңа шыңдарды бағындыруда сәттілік тілеймін! Олимпиада жүлдегерлерінің ұстаздары мен жаттықтырушыларына берген білімдері үшін, ал ата-аналарына қолдау көрсеткені үшін алғыс айтамын. Өз кезегінде, Білім және ғылым министрлігі оқушыларымыздың зияткерлік жарыстарда көшбасшылық орынға ие болуы үшін жағдай жасауды жалғастырады, – деп жазды Асхат Аймағамбетов.
ҚР Білім және ғылым министрі Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін қолдау бойынша шаралар әзірлеуді тапсырғанын айтты.
Осы тапсырманы іске асыру аясында министрлік бірқатар заңнамалық өзгерістер дайындады.