Қазақстандық магистранттар пен докторанттар Францияда тегін білім ала алады

22 Маусым 2021, 15:19
7176
Бөлісу:
Қазақстандық магистранттар пен докторанттар Францияда тегін білім ала алады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Абай-Верн» ұтқырлық білім беру бағдарламасына қатысу үшін өтініштерді қабылдау басталды. Бағдарлама бойынша 30-дан астам қазақстандық магистрант пен докторант Францияда тегін білім ала алады, деп хабарлады БҒМ баспасөз қызметі.

Ұтқырлық бағдарламасы коронавирустық пандемияға байланысты мораторий енгізілгеннен кейін бір жыл өткен соң қайта жүзеге асырыла бастады. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов пен Францияның Қазақстандағы елшісі Дидье Канесс франко-қазақстандық стипендия туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттамаға қол қойды.

2021-2022 оқу жылында екінші курстың 30 магистранты және Қазақстан мен Франциядағы ғылыми жетекшілермен бірлесіп диссертация дайындайтын 5 докторант "Абай-Верн" стипендиясының иегері атана алады.
«Абай-Верн» стипендиясы магистранттар мен докторанттарға француз және ағылшын тілдерінде Франция университеттерінде оқу үшін беріледі. Үміткерлердің француз жоғары оқу орнына немесе ғылыми-зерттеу орталығына магистратура мен докторантура бағдарламалары бойынша оқуға алдын ала қабылданғандығы туралы растау хаты болуы тиіс, - деп атап өтті ҚР БҒМ Халықаралық ынтымақтастық департаменті директорының м.а. Эльмира Асан.

«Абай-Верн» стипендиясын жеңіп алған магистранттарға Ұлттық банк бағамы бойынша ай сайын 800 евро, докторанттарға 1200 евро мөлшерінде стипендия төленеді. Сондай-ақ стипендиаттар Франциядағы университет жатақханасында орын алуға артықшылықты құқықтарға ие болып, ұзақ мерзімді студенттік виза және француздық әлеуметтік сақтандыру жүйесіне тегін тіркеле алады.

«Абай-Верн» академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша құжаттарды қабылдау 2021 жылдың 4 шілдесіне дейін жалғасады. Кандидаттарды іріктеуді франко-қазақстандық тәуелсіз комиссия жүргізеді.

«Абай-Верн» - бұл ҚР Білім және ғылым министрлігі мен Францияның Еуропа және сыртқы істер министрлігінің бірлескен стипендиялық бағдарламасы. Келісімге қол қойылған кезден бастап 158 қазақстандық магистрант пен докторант беделді «Абай-Верн» халықаралық стипендиясының иегері атанған.

Өзгелердің жаңалығы