Қазақстанда репрессия құрбандарының бірыңғай республикалық базасы құрылады

28 Мамыр 2021, 17:44
3935
Бөлісу:
Қазақстанда репрессия құрбандарының бірыңғай республикалық базасы құрылады
Фото: автордан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия қызметін сүйемелдеу жөніндегі жобалық кеңсе өкілі Махаббат Қозыбаева Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаеваның «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешенінде жас тарихшылармен кездесуінде айтты.

Біз дәстүрлі түрде саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнін өткіземіз. Біз қатысатын жердің символдық маңызын атап өткім келеді. Қазақстан үшін бұл тақырып өте өзекті. Қазақстан саны көп адам депортацияланған аймақ болды. «Алжирден» басқа мұнда лагерлердің 26 нүктесі орналасқан. Ұлттық интеллигенция өкілдері, қарапайым халық көп мөлшерде сотталып, қуғын-сүргінге ұшырады. Сондықтан біз үшін саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі жаңадан құрылған мемлекеттік комиссия аясындағы қызметті жандандыру, әсіресе, еліміз Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу қарсаңында ерекше маңызға ие болып отыр, - деді ол.

Қозыбаева саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөнінде жаңадан құрылған комиссияның алдына қандай мақсат қойып отырғанын айтты.

Жаңадан құрылған комиссия ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен репрессия құрбандарының барлық санатының бірыңғай республикалық базасын құру міндетін алға қойып отыр. Бұл мәселе бойынша 11 жұмыс тобы, екі кіші комиссия құрылды. Ол толық қаралмаған немесе түпкілікті шешім қабылданбаған санаттарды қамтиды. Біз құжаттарды зерделегеннен кейін ақталғандар бойынша толық көріністі қалпына келтіреміз және бірыңғай республикалық базаны құрамыз деп үміттенеміз, - деді ол.

Ғалымның айтуынша, бұл бойынша екі министрліктің біріккен жобалық кеңсесі де құрылған.

Қазақстандық қоғамдық даму институты базасында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен және Білім және ғылым министрімен бірлесіп жобалық кеңсе құрылды. Жоба кеңсесінде әр түрлі мемлекеттік органдардан, ғылыми-зерттеу институттарынан жиналған 17 адам бар, - деді ол.


Өзгелердің жаңалығы